Қызылша ауруы: Вирустың жаңа түрлері науқастардың көбеюіне ықпал етті

Өткен жылдың 1 қарашасынан бері Қазақстанда қызылшамен ауырудың 1644 жағдайы тіркелген.
«Қызылша ауруына қарсы жұмыстарды 1 қарашада бастадық. Бұл ауру қыс пен көктемде өршиді, себебі көктемде иммунитет әлсіреп, жұқпаның таралу ықтималдығы артады. Биылғы вакцина егілмеген әйелдерден туған балалар жиі ауырып жатыр. Біздің жоғары технологиялар вирустың геномын зерттеуге мүмкіндік берді. Қазақстанда ешқашан тіркелмеген, еуропалық континенттен келген вирустарды анықтадық. Демек, біздің иммунитет бұл инфекцияны танымайды. Сондықтан, вакцина егілмеген балалардың иммунитеті зардап шегеді. Вирустың жаңа түрлері науқастардың көбеюіне әкеп соғады», - деді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, вакцина егілгендердің иммундық жады сақталады, бірақ иммунитет әлсіресе, бұл адамдар да ауыруы мүмкін.
Сонымен бірге, дәрігер ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
«ЖРВИ мен тұмау жыл сайын болатын маусымдық аурулар. Жыл сайын 1 қазаннан бастап, мониторинг жүргіземіз. Тұмауға бей-жай қарауға болмайды. Өзге жұқпалармен салыстырғанда, тұмау асқындыратын қауіп көп. 31 қаңтарға дейінгі аралыққа келсек, ЖРВИ ауыратындар саны өткен жылғы науқастардан 15% азайған», - деді Жандарбек Бекшин.