Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар жеделдетіледі - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 қыркүйек, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар жеделдетіледі - баспасөзге шолу

***

"Егемен Қазақстанның" жазуынша, кеше Қарағанды облысы, Теміртау қаласында "Президент рен перзент" кітабының тұсауы кесілген. Елбасының жас ұрпақты қолдап, уақытының тығыздығына қарамастан олармен жиі кездесіп отыратындығы белгілі. Сондай жүздесулерде талабымен танылып, алғысын алып, тілегін тыңдаған балалардың өмірде де, өнерде де бағы жанғандары аз емес. Жарық көрген кітап осындай жеткіншектер жайында баяндайды.

Әсем безендірілген жинақтың тұсаукесер рәсімі Теміртаудағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдениет орталығында өтуінің де өзіндік үлкен себебі болды. Металлургтер қаласының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек және саяси шыңдалу мектебі тұрғысында жастардың қай буынына да үлгілі тәрбиелік жақтары көп. Кітапта Елбасымен түрлі іс-шаралар кезінде жүздесіп, тілдесу мүмкіндігіне ие болған, ал бүгінде әр салада еңбек етуші азаматтар туралы мол мағлұмат берілген. Президенттің батасын алып, ел дамуына қосып жүрген үлестері жайлы әңгімеленеді.

Жинаққа республиканың әр өңірінен 32 мектеп оқушысының Елбасы туралы жазған «Ел тірегі - Елбасы» тақырыбындағы шығармалары енгізілген. Тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Елбасымен металлургия комбинатында еңбек жолын бірге бастаған серіктестері қатысып, жас оқырмандарды жаңа кітаппен құттықтады.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібіне үш мәселе шығарылса, соның ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері депутаттардың қызу талқысына түсті, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар жеделдетіледі" атты мақаласында.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов баяндап берді. Оның мәліметінше, 2010 жылдан бері Қазақстанда террорлық қылмыстың 10-нан астам оқиғасы тіркеліп, 21 адам қаза тапқан. Оның ішінде 17-сі құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлері екен.

Жүзден астам қазақстандықтың шетелдік террорлық ұйымдардың қатарында жүргені де атап көрсетілді. Былтырдан бері арнайы органдар 9 террорлық актінің алдын алыпты. Жалпы, 2013 жылы экстремистік және террорлық қылмыстың 65 фактісі тіркелген. Ал биыл 52 қылмыс анықталып, 29 адамның сотталғаны аталды. Атырауда бір азамат әлеуметтік желілер арқылы Ауғанстанның террорлық ұйымдарына кіріп, өзгелерді содыр болуға шақырған. Бұл қылмысы үшін оның 8 жылға бас бостандығынан айырылғаны мысал ретінде келтірілді.

2004 жылдан бері елімізде 15 террорлық және 6 экстремистік ұйым қызметіне тыйым салыныпты. Бұл ретте Бас прокурордың орынбасары осындай ұйымдарды жабу үшін де айтарлықтай уақыт талап етілетіндігін атап өтті. Прокурор арыз түсіргеннен кейін сот оны бір ай көлемінде қарап, 5 күн ішінде үкім шығаруы тиіс. Шешім күшіне ену үшін тағы да 15 күн керек болса, бұл екі ай, тіпті, жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан да заң жобасына соттың шешімді орындау үшін құзыретті органға жіберуге міндеттілігі белгіленді.

Бас прокурордың орынбасары мұның экстремистік немесе террорлық ұйымдардың қызметін жедел тоқтатуға мүмкіндік беретінімен түсіндірді. Жаңа жобаға сәйкес құзырлы орган осындай басылымдар мен сайттарды соттың шешімімен бірден жауып, оған қолжетімділікті жоятыны да қарастырылған. Егер ұйым экстремистік деп танылса, оның мүлкін мемлекет меншігіне алып қою да заң жобасында көрініс тауып отыр. Ж.Асанов 2012 жылы Солтүстік Қазақстан облысында соттың шешімімен 1 қоғамдық бірлестік экстремистік деп танылып, оның 12 облыста жүзден астам үйлері мен ғимараттары жарты жыл дегенде әрең сот үкімімен тәркіленгенін ортаға сала кетті.

Жаңа заңдық жобаға сәйкес террорлық қылмыстары үшін жазасын өтеп шыққан адамдардың барлығына қаржылық мониторинг жүргізу жағы да ұмыт қалмапты. Бас прокуратура жанындағы статистика комитеті барлық экстремистік, террорлық ұйымдардың тізімін жүргізетін болады. Заң жобасында, сонымен қатар, өзге елдерге барып, лаңкестік ұйымдастырған және керісінше, елімізге осындай пиғылмен келетіндерге қатысты нормалар да көрініс тапқан. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

***

Немістің барлау қызметінің хабарлауынша,Түркия соңғы жылдары ядролық қару жасаумен айналысу үстінде көрінеді. Бұл қаншалықты шындық? Бірақ келтірілген нақты деректерге көз жүгіртер болсақ, Анкараның осы тірлікке дендеп бас қойғанын аңғаруға болатын сынды, деп жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Түркияға ядролық "шоқпар" не үшін керек?" деген мақаласында.

Сонымен, Түркия ядролық шоқпарды беліне байлауға неге асықты? Не түркі болды? Таратып көрелік. Неміс барлау қызметінің дерегіне сүйене отырып, Die Welt басылымының шолушысы Ханс Рюле былай деп жазады:

«Түркия басшысы Реджеп Ердоған ядролық қару жасауда Иранның жасап отырған тірлігін қайталап жатса керек. Бағдарлама бейбіт атомды өндіру деп аталғанымен, шын мәнісінде, ядролық гүрзіге қол жеткізу. Соңғы жылдары Түркия бейбіт атом бағдарламасын кең түрде дамыта бастады. 2011 жылы Анкара Жерорта теңізінің жағасында атом реакторы кешенін салу үшін, Ресейдің «Росатом» компаниясымен 15 миллиард долларлық келісімге, 2013 жылы жапон және француздың осы салада жұмыс істейтін консорциумымен 17 миллиард долларлық шартқа отырды. Бірақ түріктер даяр болған ядролық отын сыртқа шығарылады дегенді шартта көрсетпеген. Мұның өзі үлкен күмән тудыруда. Жалпы, Ердоған уранды байыту туралы пәрменді 2010 жылы берген. Қазірдің өзінде бұл ел центрифугтың өте үлкен қорын сақтап отыр. Оны Пәкістаннан жасырын алған. Сонау ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасынан бастап Түркия жақын қашықтыққа ататын зымырандарды жасауды қолға алды. Ал 2011 жылы Ердоған әскери өндіріс кешендеріне ядролық оқтұмсықты алып ұшуға мүмкіндігі бар зымыран жасауға пәрмен берген. 2012 жылы бұл мемлекет қашықтығы 1500 шақырымға жететін зымыранды сынақтан өткізді. Жоспарда 2500 шақырым қашықтыққа ұшатын зымыран тұр. Түркияның ядролық қаруға ұмтылысын 2011 жылы осы елдің АҚШ-тағы елшісі Намик Тан: «Иранның ядролық қаруға ие болуына Түркия көне алмайды» десе, араға екі жыл салып сол кездегі президент Абдулла Гүл: «Біздегі жоқ қарудың көршіде болуына Түркия жол бере алмайды» деп мәлімдеме жасауынан аңғаруға болатындай. Мұның барлығын жалғыз ғана себеппен түсіндіруге болады. Түркия плутонийден бомба жасауға дайындалуда. Өйткені плутонийге қол жеткізу үшін Атом электрстансасының көмегі керек: пайдаланылған отынның стерженьдері шамамен 90 пайызға радиациялық қалдықтардан тұрады. Тағы 9 пайызы ластанған уран және 1 пайызы ластанған плутоний болады. Ал қолданылған стерженьдерден радиациялық белсенділігі жоғары заттарды бөліп алатын құрылғыны жарты жылдың ішінде-ақ салып алуға болады. Мұндай құрылғының көлемі кәдімгі кеңсенің ғимаратынан аспайды. Келісімшарттағы осындай «олқылықтар» Анкараның өз бомбасын жасап алуына жол ашады». Анкара ядролық қаруға қол жеткізе ала ма, егер қол жеткізсе, бұл өңірдегі геосаяси жағдай үлкен өзгеріске ұшырары хақ. Десек те, бүгінде Түркия тек аймақтық қана емес, әлемдік алып мемлекеттердің қатарынан көрінгісі келіп жүргені рас. Қолында ядролық «шоқпар» болса, кім-кіммен болса да тең деңгейде сөйлесуге болатыны анық. Демек Ердоған билігі соған ұмтылуда десек, қателеспейтін сияқтымыз, делінген басылымда.

Ел Үкіметі «Электр энергетикасы туралы» заңды кері «шақыртып» алатын болды. Өйткені Еуразиялық одақ елдерінің қуат нарығы бірігуге даярланады. Кеше Парламенттің екі палатасында осы салаға қатысты мәселелер қатар қаралды, деп жазады аталған басылым "Кімнің мүддесін көздейді" атты мақаласында.

Атап айтқанда, Мәжілісте «табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша» жаңа заң жобасының таныстырылымы өткен болатын. Ал Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конституциялық заңын түзететін жаңа жобаны қабылдап, Президенттің қол қоюына жолдады.

Дегенмен талқылау барысында депутаттарда бірқатар сауалдар туындады.

Осы құжат Үкіметтің көптеген функцияларын министрліктерге тапсырады, бұл - дұрыс, - деді сенатор Ерлан Нығматулин. - Алайда, заң жобасында Үкіметтің осының алдындағы заңдарға сәйкес пайда болған функциялары ескерілмеген. Мәселен, 2012 жылғы 4 шілдеде «Электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетiн нарық субъектiлерiнiң инвестициялық қызметi мәселелерi туралы» заңы қабылданды. Ол бойынша Қазақстанда «электр энергиясының қуаттылығы нарығының» енгізілуіне байланысты ел Үкіметінде 2016 жылы бірқатар функциялар пайда болады. Бұл функциялар бүгінгі заң жобасында жазылып отырғандарға қайшы келгелі тұр.

"Әңгіме болып отырған функция тек 2016 жылдан бастап, күшіне енеді, - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. - Екіншіден, министрліктерге бергеннен кейін Үкіметтің құзырында қалатын функциялар мен өкілеттіктердің өзі «энергия қуаттылығы нарығына» қатысты қажетті шешімдерді қабылдауға жеткілікті деген ұйғарымға келдік. Резервті Үкімет қажеттіліктер бойынша жұмсайтын болады. Яғни «КЕГОК»-та қандай да бір жылы қуаттылық нарығы бойынша міндеттемелерді орындауға қаражаты жетпей қалса, Үкіметтің тиісті шешімімен резервтен қаржы бөлінеді".