Латын әліпбиіне көшуде психологиялық кедергіні еңсеру маңызды - Ермұрат Бапи
Кездесуде «Латын қарпіне көшудегі ең үлкен мәселе не болмақ?» деген сұраққа журналист: «Біздің халқымыздың, әсіресе орта және аға буынның психологиясы» деп жауап берді.
«Ең бастысы - психологиялық кедергіні жеңу. Бұл өте ұзақ процесс, жаңа әліпбиді жастар тезірек үйреніп кетеді деген ойдамын, ал аға буынның жағдайына келсек, олардан біраз еңбек талап етілуі мүмкін. Егер бұл қажеттілікті жете түсіндіре алсақ, қазақстандықтардың санасына жеткізе алсақ, өтпелі кезеңдегі барлық қиындықтарды еңсере аламыз», - дейді Е.Бапи.
Сонымен қатар аталған кездесу барысында саясаттанушы Ерлан Сайыров «латын әріпі қара бастың қамы үшін енгізіліп жатқан мəселе емес екенін» атап өтті. Оның пайымынша, мұндағы мақсат - сананы жаңғырту, ал жаңғыру - біртіндеп жүзеге асатын, ғылыми және интеллектуалдық көзқарасты талап ететін процесс.
«Бүгінде барша әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Табысты мемлекет және табысты қоғам болу үшін жоғары технологияларға, заманның жаңа тіліне жақын болуымыз керек. Бұл тұрғыда латын графикасын енгізудің қисыны бар. Біз ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүріп келеміз. Мәселен, қазірдің өзінде «Абай жолын» латын графикасына 3 секундта аударып беретін конвертер құрастырылды. ХХ ғасырда Қазақстанның үш рет әліпби ауыстырғанын, барлық жұмыстардың сәтті іске асқанын атап өткім келеді. 1929 жылы араб қаріпінен латын әліпбиіне көшті, 1940 жылы Молотовтың шешімімен кириллицаға көшірілді және ешкім ешқандай мәселе көтерген жоқ», - дейді ол.
Е.Сайыровтың айтуынша, жалпы қоғам бұл шешімге оң қабақ танытып отыр.
«Кеше Алматыда жастармен кездесуде болдық, бүгін ел шығысында жүрміз, дүйсенбі күні Оңтүстік Қазақстанда боламыз. Әрине, технологиялары мен әдістемесі бойынша бірқатар мәселе бар, бірақ тұтас латын әліпбиін енгізуде бірыңғай шоғырланған оптимизм бар. Кеше ғана арнайы мемлекеттік комиссияның құрылатыны және комиссия аясында әдістемелерінің жетілдірілетіні хабарланды».
Сонымен қатар, «Кейбір әдістемелік мәселелерді шешу үшін қандай да бір ғылыми топ құрыла ма?» деген сұраққа жауап берген саясаттанушы Қазақстандағы латындандырудың бір күнде енгізілмейтінін, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын баса айтты.
«Аталған мәселе бойынша елде мемлекеттік комиссияның құрылатыны хабарланды. Дәл осы комиссия аясында фонетикамен және синтаксиспен айналысатын топтар құрылуы мүмкін. Яғни бұл - кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын процесс. Әрине, ғылыми, практикалық топтар да құрыла береді. Бұл ғылыми және азаматтық қоғамның жүйелі жұмысы болмақ», - деп өз сөзін түйіндеді Ерлан Сайыров.