Латын әліпбиіне өту - лайықты шешім
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл - өнер майталмандарының жүрекжарды пайымы. Жуырда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұжымы латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы ұжымдық кеңесте талқылап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Келелі кеңеске филармонияның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы, ҚР Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дінзуһра Тілендиева, Қанат Ахметов, Қанат Омаров, Бейімбет Демеуов, Жанат Ерманов және т.б. қатысты.
Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, өткен ғасырдың 30-шы жылдары жазушыларымыз қолданған графика біздің буынға да бөтен емес. «Зерттеулер нәтижесі арқылы латын әліпбиінің түркологияның ортақ әліпбиі екендігіне көз жеткіземіз. Мысалы, көне түрік жазбаларын таңбалағанда түркологтар латын транскрипциясын қолданған. Бұған Баскаковтар басқарған «Советская тюркология» ұйымы да осыған сүйенген. Бұл үрдіс Ресейде әлі де жалғасып келеді. Ал Нью-Иорк университетінің профессоры Лариса Бонфанте латын әліпбиінің түп-тамыры ежелгі этруск жазуына тірелетінін жазды. Түркі халықтары туралы ауқымды энциклопедиялық мұра болып табылатын ортағасырлық «Кодекс Куманикус» латын әліпбиінде қағазға түскен. Бертінде 1926 жылғы Баку құрылтайында біздің ғалымдарымыз латын әліпбиін таңдады. 1990 жылдардың басында түркі тектес мемлекеттердің ғалымдары да осындай тоқтамға жүгінді. Бұдан аңғаратанымыз, латын әліпбиі - біздің фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби деуге болады»,- деді Ж. Сейдуллаұлы.
Танымал әнші, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Нұрғали Нүсіпжановтың пайымдауынша, латын әліпбиін енгізу - мәңгілікке көшін түзеген Қазақ елінің білім, ғылым саласындағы ұлттық ұстанымы, өмірлік қолтаңбасы болмақ. «Егемен елдің, ерікті ұлттың бүгінгі таңдағы қалауы осы деп білемін. Елбасының үндеуін өз басым тек идеология мамандарына ғана емес, күллі Алаш жұртына, еңбектеген баладан еңкейген қарияға арнаған үлкен сенім деп қабылдадым»,- деген ойын айтты ол.
«Өткен арғы тарихтағы Күлтегін бабамыз тасқа жаздырып кеткеніндей, «Елім үшін күндіз демалмадым, түнде ұйықтамадым» деген заман бізге енді келді. Себебі, бізге егемендігімізді сақтап, қорғау үшін жан аямай еңбек ететін уақыт келді. Ол үшін заман талабына сай біліммен, әлемдік ғылыммен, уақыт ағымымен өркендеп өсіп жатқан озық технологиямен қаруланып, еңбектену қажет»,- деді Н. Нүсіпжанов. Әнші өз сөзінде рухани жағынан жаңғыруымыз үшін ұлттық кодымызды, ұлттық қасиетімізді, көп елде жоқ озық өнерімізді ұлықтап, дамыту ең ұлы міндет екенін атап айтты.
«Қазақ қоғамы үшін латын әліпбиіне көшу - заман талабы, әлемдік өркениет көшінен қалмаудың бір жолы. Бұл әрі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге бағытталған басты қадам»»,-деген пікірін айтты Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева мемлекет басшысының атына жолдаған хатында.
«Қазақ халқы өз тарихында бірнеше рет әліпби ауыстырған халық. Көне түркі дәуіріндегі руникалық әліпби мен ислам дінін қабылдағаннан кейінгі араб әліпбиінде айтпағанда, XX ғасырдың өзінде бірнеше рет әліпби өзгерткен еді. XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов реформалаған араб әліпбиі қолданылған болатын. Ал 1926 жылы Баку қаласында өткен түркология конференциясынан кейін барлық түркі халықтарының латын әліпбиіне өтуі туралы ортақ шешім қабылдануына байланысты, 1928 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиі қолданылды. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ халқы латын әліпбиіне қайта оралуда десек те болады»,- деп жазады А. Мұсақожаева.
Атап айтарлығы, өнер майталманы әліпби ауыстыру мәселесінде баста назар аударатын бірқатар маңызды жайттарға тоқталады. Біріншіден, латынға көшкен халықтардың кемшіліктерін қайталамау. «Бұл орайда латын әліпбиіне өту жұмыстарын бізден бұрын қолға алған Өзбекстан, Түркіменстан және Әзербайжанның тәжірибесіне назап аударып, олардың жіберген кемшіліктерін қайталамауға тиіспіз. Яғни, біз бұл мәселені барлық жағынан таразылап, латын әліпбиіне ғылыми шешіммен өтуіміз керек. Әрине жаңа әліпбиіміздің нақты фонетикалық принциптерге негізделуі, төл дыбыстарымыздың дұрыс таңбалануы мәселесінде лингвист ғалымдарымызға үлкен міндет жүктелері анық. Сол себептен тіл саласындағы ғалымдарымыз, мамандарымыз жаңа әліпбиіміздің ана тіліміздің емлесі мен дыбыстық ерекшеліктері сай жасалуын жіті қадағалап, бұл бағыттағы істерді жеделдетудің жолдарын қарастырса деген тілектеміз»,-дейді ол.