Лайк баспағандарды жазалаған Шымкенттегі жастар орталығының басшысы қызметінен кетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Марат Спатаев Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы басшылығынан босады. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

Марат Спатаев
Фото: Марат Спатаевтың желідегі парақшасынан

Марат Спатаев жазбасында өз әріптестеріне, басшылыққа және серіктестер болған азаматтарға алғыс білдіріп, жастармен жұмыс істеудің өзіне өмірлік ұстаным болғанын атап өтті.

- Бұл мен үшін өмірімнің маңызды, жауапты әрі ерекше кезеңдерінің бірі болды. Осы салада жүзеге асқан әрбір жоба мен атқарылған әрбір іс мен үшін аса құнды. Бір жыл ішінде жанашырлық танытып, шынайы қолдау білдірген барлық азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да шырайлы Шымқаламыздың гүлденуіне бірге атсалысамыз деген үміттемін, - деп жазды ол.

Сондай-ақ, Марат Спатаев жастардың болашағына үлес қосу бағытындағы ізденісі мен еңбегі жалғаса беретіндігін жеткізді.

- Экс-әріптестеріме айтарым – өз басым ешқашан «Я начальник – ты дурак» дейтін «кеңестік көзқараста» болған жоқпын. Алдағы уақытта жолымыз тоғысып жатса, сыйластықта болайық. Өмір өткінші, ал шынайы сыйластық – мәңгілік, - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жастар орталығының басшысы желідегі жазбаға лайк баспаған қызметкерлерді жазалағанын жазған болатынбыз.

Тіпті, жиналысқа салып, бұйрық шығарып, ескерту берген. Салдарынан бір қызметкердің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болған.

Соңғы жаңалықтар