Lego компаниясы өз тарихындағы ең үлкен конструктор жинағын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM – Lego компаниясы өз тарихындағы ең ауқымды конструктор жинағын таныстырды. Жаңа рекорд иегері Барселонадағы әйгілі Саграда Фамилия соборының үлгісі болды. Конструктор 12 060 бөлшектен тұрады, деп хабарлайды BILD басылымы.

Lego компаниясы өз тарихындағы ең үлкен конструктор жинағын таныстырды
Фото: BILD

Басылымның жазуынша, жаңа жинақ бөлшектер саны бойынша 2021 жылы шыққан Lego Art World Map жиынтығын басып озды. Айырмашылық 365 бөлшекті құрайды.

Құрастырылған үлгінің биіктігі 62 сантиметрге, ал ені 47 сантиметрге жетеді. Конструктор шынайы собордың құрылыс кезеңдерін – крипта мен Туған күн фасадынан бастап мұнаралары мен басты қасбетіне дейінгі бөліктерін бейнелейді.

Stonewars мамандандырылған басылымының бағалауынша, жиынтықты толық құрастыруға 25-35 сағат уақыт кетуі мүмкін.

Жаңа өнімге алдын ала тапсырыс беру Lego компаниясының интернет-дүкенінде басталып кетті. Жеткізу 2026 жылғы 1 қарашада басталады. Жинақтың бағасы — 749 еуро.

Жобаның дизайнері Рок Жгалин Кобе команда атақты каталон сәулетшісі Антони Гаудидің идеясын барынша дәл жеткізуге тырысқанын айтты.

– Бұл Lego тарихындағы ең үлкен жиынтық қана емес, сонымен қатар әлемдегі ең ауқымды сәулет туындыларының бірінің үлгісі, – деді ол.

Саграда Фамилия Барселонаның басты көрікті орындарының бірі әрі әлемдегі ең танымал ұзақ құрылыстардың қатарына жатады. Ғибадатхананың құрылысы 140 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді.

Бұған дейін Lego компаниясы 2026 жылғы әлем чемпионатына орай Лионель Месси, Криштиану Роналду және Килиан Мбаппеге арналған футбол тақырыбындағы жаңа жиынтықтарды шығаратыны хабарланды.