Lego ірі брендтермен әріптестік арқылы рекордтық 5,4 миллиард доллар табыс тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Даниялық ойыншық өндіруші Lego сәрсенбі күні 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы сатылым көлемі 12%-ға өсіп, рекордтық 5,43 миллиард АҚШ долларына жеткенін хабарлады. Бұл жетістікке Formula One және Jurassic сияқты ірі брендтермен серіктестік себеп болды, деп жазды АЗЕРТАДЖ.

Lego
Фото: Freepik

Lego компаниясының бас директоры Нильс Кристиансен былай деді:

— Биыл ойыншықтар нарығы қайтадан өсе бастады, алайда біз нарықтан озық дамып, өз үлесімізді арттырып келеміз.

Оның айтуынша, жалпы ойыншықтар нарығы шамамен 7%-ға өскен.

Reuters мәліметіне сәйкес, Lego барлық негізгі нарықтарында өсімге қол жеткізді, соның ішінде соңғы жылдары қиындықтарға тап болған Қытайда да.

Компания Мексиканың Монтеррей қаласындағы ең ірі өндірістік алаңын кеңейтіп жатыр, сондай-ақ Венгриядағы өндірісті ұлғайтуда. Ал АҚШ-тың Вирджиния штатында салынып жатқан жаңа зауыт 2027 жылы іске қосылады деп күтіледі.

2025 жылдың алғашқы жартысында Lego рекордтық 314 жаңа конструктор жиынтығын шығарды. Сонымен қатар, Bluey және One Piece сияқты танымал брендтермен әріптестік арқылы тұтынушылар базасын кеңейтіп келеді. Pokémon брендімен бірлескен жобаның 2026 жылға жоспарланғаны белгілі болды.

Ал Қытайдың танымал ойыншық бренді Labubu брендінің айналасындағы жағдай күрт өзгеріп, оған қатысты акциялар бағасы күрт құлдырағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар