ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салу керек - Ринат Зайытов
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қою керек екенін мәлім етті.

«Бүгінгі жолданатын сауал – шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың ащы дауысы деп түсініңіздер. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар жанымызды ауыртып, жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі... Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?!», - деді Р. Зайытов Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда депутат олардың артында кім тұрғанын, оларға қаржы бөлетін кімдер екенін және олардың көздеген түп мақсаты неде жатқанын анықтауды сұрады.
«Құқық қорғау органдары ЛГБТ ұйымына келгенде «тәртіпті қауқарсыз» бола қала ма? Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сізден (Бас прокурар Б. Асылов) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1-бабына сәйкес, феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл маусым айының басында E-Petition.kz» ресми порталында «Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы ресми қаралуы үшін қажетті қол жинады.
Биыл көктемде AMANAT партиясы Мәжілістегі фракциясының депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа туралы» заңға ЛГБТ өкілдері туралы БАҚ-та жазуға тыйым салатын түзетулер ұсынды.