Ли Чжэ Мён Оңтүстік Корея президенті сайлауында жеңіске жетті: ол кім

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяда өткен президенттік сайлауда «Тобуро» Демократиялық партиясының атынан қатысқан Ли Чжэ Мён жеңіске жетті, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ли Чжэ Мён Оңтүстік Корея президенті сайлауында жеңіске жетті
Фото: Yonhap

Қазіргі таңда сайлаушылардың дауысы саналып, 100% нәтижесі жарияланды. Ли Чжэ Мён 49,42% дауыс жинаса, қарсыласы Ким Мун Су — 41,15% дауысқа ие болды.

61 жастағы Ли Чжэ Мён алғаш рет 2017 жылы Демократиялық партия ішіндегі праймериз кезінде ел назарына іліккен еді.  2022 жылғы президенттік сайлауда ол Юн Сок Ёльге аздаған айырмашылықпен жеңіліп қалған.

2024 жылғы жалпы сайлау барысында Ли қайта сайланып, Демократиялық партияны жеңіске жеткізді. Осы арқылы ол оппозициядағы негізгі көшбасшы және Юн Сок Ёль әкімшілігінің басты сыншысы ретіндегі беделін күшейтті, деп жазады Asia Pacific Foundation of Canada.

Аталған сараптамалық орталықтың мәліметінше, Ли Чжэ Мённың бағдарламасы прагматикалық сыртқы саясатқа негізделген. Ол Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ Қытай және Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға басымдық береді. Сонымен қатар, ол зымыранға қарсы қорғаныс және соққы беру қабілеттерін күшейтудің маңызын мойындайды. Соғыс жағдайында Оңтүстік Кореяға біріккен америкалық-корейлік күштердің оперативтік басқаруын беру қажет деп есептейді.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Ли өзінің сайлауалды науқанында Юн Сок Ёль басқарған «сатқын күштерді» басамыз деп уәде берген. Бұл Юн Сок Ёльдің импичментінен кейін айтылған мәлімдеме болатын.

2025 жылғы 3 маусымда Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау өтті. Бастапқыда бұл сайлау 2027 жылға жоспарланған болатын, алайда Юн Сок Ёльдің қызметінен шеттетілуіне байланысты мерзімінен бұрын өткізілді. 2025 жылғы 4 сәуірде Конституциялық сот оның импичментін бекітті.

Бұл жолы сайлауда жеңіске жеткен үміткер дауыс беру нәтижелері ресми түрде расталғаннан кейін бірден президенттік қызметке кіріседі.

Соңғы жаңалықтар