Ли Юнцюань: Қазақстан көпвекторлы дипломатия арқылы өңірлік рөлін күшейтіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму зерттеу орталығының Еуропа және Азияның әлеуметтік дамуы институты Ғылыми кеңесінің төрағасы Ли Юнцюань Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның көпвекторлы дипломатия саясаты күрделі халықаралық жағдайда тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік беріп, елдің өңірлік рөлін күшейтіп отырғанын атап өтті.

Ли Юнцюань
Фото: Kazinform

Қазақстанға қатысты пікір білдірген Ли Юнцюань, елдің ірі державалардың бәсекесіне тартылмай, ашық диалог пен көпжақты байланыс арқылы дербес дипломатиялық ұстаным қалыптастырып отырғанын айтты.

«Қазақстан күрделі халықаралық қатынастарды реттеуде сабырлы әрі икемді тәсіл көрсетіп келеді», — деді ол.

Оның айтуынша, мұндай ұстаным Қазақстанға түрлі тараптармен байланыс орнатып, көпжақты алаңдарда өз позициясын еркін білдіруге мүмкіндік береді.

Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған көпвекторлы дипломатия тұжырымдамасы қазіргі жағдайда өзектілігін арттырып, өңірдегі диалог кеңістігін кеңейтуге ықпал етіп отырғанын атап өтті.

«Қазақстан энергетика мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастырып қана қоймай, жасыл экономика, жасанды интеллект және қоғамдық-саяси жаңғырту салаларында да белсенді ұстаным танытып отыр. Бұл елдің заманауи даму арқылы стратегиялық дербестігін арттыруға деген нақты ұмтылысын көрсетеді», — деді Ли Юнцюань.

Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықтың келешегіне тоқтала келе, ол инфрақұрылымдық байланыс әлі де маңызды негіз болып қала беретінін, алайда ынтымақтастықтың бағыттары цифрлық басқару, жасыл трансформация және өңірлік үйлестіру әлеуетін арттыру салаларына қарай кеңейіп келе жатқанын айтты.

Оның бағалауынша, Қазақстан “Орта дәліз” сияқты бастамаларда айтарлықтай ықпалға ие болып, «коммуникациялық мемлекет» ретіндегі рөлі барған сайын айқынырақ байқалуда.

Айта кетейік, елордада ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумы өтіп жатыр. Іс-шара аясында Орталық Азия сараптамаларын әлемдік зерттеу қауымдастықтармен біріктіретін платформа іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар