Лихтенштейнде тақ мұрагерлігінде ерлер мен әйелдердің құқығы теңестірілді
АСТАНА.KAZINFORM — Лихтенштейннің князьдік әулеті тақ мұрагерлігі тәртібін өзгертіп, ерлер мен әйелдердің құқығын теңестірді. Бұл туралы 15 тамызда князьдіктің Ұлттық күніне арналған үндеуінде тақ мұрагері Алоиз мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, бұдан былай билік жүргізіп отырған князь немесе княгиняның тұңғыш баласы жынысына қарамастан тақ мұрагері болады.
— Тақ мұрагерлігі ерлерге басымдық беретін жүйеден абсолютті тұңғыштық қағидатына ауысты. Бұл дегеніміз — бұдан былай тұңғыш бала жынысына қарамастан тақ мұрагері, кейін Лихтенштейн князі немесе княгинясы болады, — деді тақ мұрагері Алоиз.
Бұл шешім сәрсенбі күні князьдік әулеттің дауыс беру құқығы бар мүшелерінің үштен екісінің қолдауымен мақұлданды. Өзгерістер тек тақ мұрагері Алоиз бен оның жұбайы, тақ мұрагері Софиның болашақ ұрпақтарына қатысты. Әулеттің қазіргі мүшелеріне жаңа ережелер қолданылмайды.
Сонымен қатар князьдік әулеттің әйел ұрпақтарына отбасы заңына қатысты мәселелерді шешуге ерлермен тең дәрежеде қатысу құқығы берілді.
— Осы заңнамалық өзгеріс арқылы Лихтенштейн князьдігін де, князьдік әулетті де бұл жауапкершілікке барынша дайын тұлға басқаруын қамтамасыз еткіміз келеді, — деп атап өтті Алоиз.
Князь Ханс-Адам II мемлекет басшысы болып қала береді. Алайда 2004 жылдан бері негізгі өкілеттіктерді оның үлкен ұлы — тақ мұрагері Алоиз жүзеге асырып келеді.
Лихтенштейн Еуропада ерлерге ғана басымдық беретін тақ мұрагерлігі тәртібі сақталған соңғы монархиялардың бірі еді. Енді князьдік тұңғыш баланың жынысына қарамай таққа мұрагер болуына мүмкіндік беретін абсолютті тұңғыштық қағидатына көшкен Еуропаның көптеген корольдік әулеттеріне қосылды.
Айта кетейік, 15 тамыз күні Мемлекет басшысы Лихтенштейннің Тақ мұрагерін Князьдіктің Ұлттық күнімен құттықтады.