Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Лицензия нөмірі көрсетілуі керек» — медициналық қызмет жарнамасына қандай талап қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Медициналық қызметті жарнамалау үшін сол қызмет түріне мемлекеттік лицензия болуы керек. Ал жарнамада лицензияның нөмірі мен оны берген органның атауы көрсетілуге тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Kazinform сауалына берген жауабында медициналық қызмет жарнамасына қойылатын талаптарды түсіндірді.

дәрігер
Фото: Pexels

Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы жарнамаға қойылатын талаптар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 56-бабында белгіленген. Сонымен қоса медициналық қызметтерді жарнамалау тәртібі Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген арнайы қағидалармен реттеледі.

Қағидаларға сәйкес, медициналық қызметті жарнамалаудың негізгі шарттарының бірі — жарнамаланатын қызмет түріне мемлекеттік лицензияның болуы.

— Мұндай жарнаманы бұқаралық ақпарат құралдарында, электрондық ақпараттық ресурстарда, денсаулық сақтау ұйымдарында, мамандандырылған медициналық басылымдарда, анықтамалық-ақпараттық орталықтарда орналастыруға болады. Сондай-ақ медициналық білімі бар мамандарға арналған ғылыми конференциялар, симпозиумдар, көрмелер мен акцияларда медициналық қызметті жарнамалауға рұқсат етіледі, — деді спикер.

Бұдан бөлек, медициналық қызмет жарнамасында лицензияның нөмірі және оны берген органның атауы міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Бұл талап медициналық қызмет жарнама беруші арқылы жарнамаланған жағдайда да сақталуы қажет.

— Лицензиясыз медициналық қызметті жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 428-бабында тиісті лицензиясы жоқ медициналық қызметтерді жарнамалағаны үшін жауапкершілік көзделген. Бұл талаптың профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістері мен құралдарының жарнамасына да қатысы бар, — деді Жандос Әділхан.

Комитет әлеуметтік желілерде анықталған жағдайларға қатысты қандай шара қолданылатынын да түсіндірді.

— Әлеуметтік желілерде жалған жарнама белгілері анықталса, оның ішінде медициналық қызметті жүзеге асыруға рұқсат құжаттары болмаған жағдайда, аумақтық департаменттер әкімшілік іс жүргізу рәсімін сақтай отырып, айыппұл салады. Ал жарнама саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылауды жарнама саласындағы реттеуші мемлекеттік органдар жүзеге асырады, — деді спикер.