Литва 200 литрден артық жанармайы бар жүк көліктерін кіргізбей жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Литва билігі Ресей мен Беларусьтен келген, багында 200 литрден артық жанармайы бар 20 жүк көлігі мен 2 автобусты ел аумағына кіргізбей қойды. Бұл туралы Литваның кеден департаменті мәлімдеді, деп жазды ТАСС.
Ведомство хабарлауынша, аталған шектеу 3 мамырдан бастап күшіне енген.
– Тыйым күшіне енгеннен кейін белгіленген норманы бұзған 20 жүк көлігі мен 2 автобус Литва аумағына өткізілмеді, – делінген хабарламада.
Бұл шектеу Ресей мен Беларуське қарсы енгізілген ұлттық санкцияларға қосымша шара ретінде қабылданған. Алайда талап литвалық TOKS компаниясының автобусына да қолданылды.
Компания жүргізушісі автобусты Литва аумағында толық жанармаймен толтырып, Беларуське барып қайта оралмақ болған. Бірақ бактағы жанармай көлемі 200 литрден асып кеткендіктен, автобус шекарадан өткізілмеген.
TOKS компаниясы мәселе Беларусь аумағында жанармай құюда деп есептеген. Алайда кеден органдары жанармайдың қай елде құйылғанының маңызы жоқ екенін түсіндірген.
Нәтижесінде автобус «артық» жанармайды жұмсау үшін Беларусь аумағында қосымша жүруге мәжбүр болған.
Литваның кеден департаменті бұл шектеуді енгізуге өзі бастамашы болғанын мәлімдеді. Өйткені, жүк көліктеріндегі «артық жанармай» кейін заңсыз сатылымға шығарылады.
Кеден қызметінің есебіне сәйкес, Литва аумағына тәулігіне Ресей мен Беларусь нөмірлі шамамен 200 жүк көлігі кіреді. Егер әр көліктен орта есеппен 500 литр дизель отыны заңсыз сатылса, мемлекет ай сайын 2,2 млн еуро көлемінде салықтан қағылуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан мен Литва көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек.