Литва НАТО-ның ядролық тежеу жүйесіне қосылуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM – Литва НАТО-ның ұжымдық ядролық тежеу жүйесіне қосылуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ел президенті Гитанас Науседа Берлинде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

м
Фото: DW

Литва басшысының айтуынша, үкімет бірнеше күн бұрын Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтерген. Түзетулер ел аумағында ядролық қаруды орналастыруға қатысты қолданыстағы шектеуді алып тастауға мүмкіндік береді.

– Бұл өзгеріс Литваға НАТО-ның ұжымдық ядролық тежеу шараларын қолдауға және оларға қатысуға жол ашады. Алайда бұл бастаманың агрессияға немесе шиеленісті ушықтыруға еш қатысы жоқ, – деді Гитанас Науседа.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Литва аумағына ядролық қару орналастыру жөнінде нақты жоспар жоқ екенін атап өтті.

Германия канцлері Фридрих Мерц Литваның бұл ұстанымына құрметпен қарайтынын айтты.

– Балтық елдерінің қауіпсіздігі – Германияның да қауіпсіздігі. Біз осы ұстанымды сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де басшылыққа аламыз, – деді Германия канцлері.

Берлиндегі кездесуге Литва президентінен бөлек, Германия канцлері Фридрих Мерц, Эстония премьер-министрі Кристен Михал және Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс қатысты.

Айта кетейік, жақында Литва үкіметі премьер-министрмен бірге отставкаға кеткен болатын.