Литва үкіметі отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Гинтаутас Палукас қызметінен кету туралы шешім қабылдағаннан кейін Литва үкіметі отставкаға кетті, деп хабарлайды Kazinform министрлер кабинетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Литва үкіметі отставкаға кетті
Фото: report.az

— Литва Республикасының 19-шы үкіметінің отставкаға кеткенін хабарлаймын. Мен де Премьер-министр қызметінен кету туралы шешім қабылдадым, - деді Палукас кабинет отырысында. 

Литва конституциясына сәйкес, Премьер-министр қызмет орнын босатқаннан кейін үкімет те отставкаға кетеді. Бірақ президент министрлерге жаңа коалиция мен үкімет құрылғанға дейін уақытша жұмыс істеуді тапсыра алады. 

Айта кетейік, Гинтаутас Палукасқа сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар мамыр айының соңында Laisvės TV журналистік YouTube арнасы мен Siena журналистік зерттеу орталығының бірлескен зерттеулері жарияланғаннан кейін келе бастады. 

Алғашқы журналистік материал жарияланғаннан кейін қызметтік этика жөніндегі бас комиссия өз бетінше тексеру жұмыстарын бастады. Ал Палукас журналистердің жарияланымдарын «қисынсыз» деп атады және ұзақ уақыт бойы мүдделер қақтығысы туралы барлық айыптауды жоққа шығарып, оларды саяси бәсекелестерінің шабуылы деп түсіндірді. 

24 шілдеде Литва президенті премьер-министрге халықтың сұрақтарына жауап беріп, жұмысын жалғастыру туралы ойлануға екі апта уақыт берді. Содан кейін Палукас «ұзақ жоспарланған» екі апталық демалысты жариялады. 

Еске сала кетейік, осыған дейін дүйсенбіде Литва үкіметі отставкаға кететіні хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар