Литва ядролық қаруды орналастыруға тыйымды алып тастамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Литва парламенті ел аумағында ядролық қаруды орналастыруға қойылған тыйымды алып тастауға қатысты Конституцияға түзетулер енгізу туралы заң жобасын қарауға қолдау білдірді, деп хабарлайды DW.
Түзетуді қарауға 89 депутат қолдап дауыс берсе, 11-і қарсы, тағы 6 депутат қалыс қалды.
Литва Президенті Гитанас Науседа бұл бастаманы өткен аптада Берлинге сапары кезінде жариялап, елдің НАТО-ның ядролық тежеу жүйесіне қосылуға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Сонымен бірге Президент қазіргі уақытта Литва аумағында бейбіт кезеңде ядролық қаруды орналастыру жоспары жоқ екенін атап өтті.
Заң жобасын ұсынған билік коалициясының өкілдері Конституциядағы бұл шектеуді алып тастау Литваның Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен басқа да халықаралық келісімдер аясындағы міндеттемелеріне әсер етпейтінін айтты.
Заң жобасын парламенттің күзгі сессиясында қарау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Литва — НАТО-ға мүше мемлекеттердің ішінде өз аумағында ядролық қаруды орналастыруға осындай конституциялық шектеу енгізген санаулы елдердің бірі.
Бұған дейін Financial Times басылымы Вильнюстің Литва аумағына америкалық ядролық қаруды орналастыру мәселесі бойынша Вашингтонмен келіссөздер бастағанын хабарлаған еді. Келіссөздер АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуын қысқарту аясында жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Литва премьер-министрі бастаған ел үкіметі отставкаға кеткен болатын.
Айта кетелік Литва НАТО-ның ядролық тежеу жүйесіне қосылуға ниетті.