19:40, 24 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Литвада сиқыршылар мектебі ашылмақшы
АСТАНА. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат - Таяу аптада Литвада сиқыршылар мектебі ашылады. Алғашқы сабақ 2010 жылғы қаңтардың 30-ында басталады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Магия және сиқыр туралы сабақтарға ересектермен қатар балалар да қатыса алады. Бірақ олар мектепке тек ата-аналарының келісімімен ғана қабылданады.
Оқу орнының айтуынша, магияның қыр-сырына қанығудың бір айы 100 литке (шамамен 40 доллар) түседі. Сиқыршылар мектебіндегі сабақтың оқушыларға қолайлы болуы үшін демалыс күндері өтеді. Семинарларды белгілі сиқыршылар және басқа да лекторлар жүргізеді. Мектеп түлектері диплом алғаннан кейін өздерінің көріпкелдік салондарын ашуына мүмкіндік алады.
Литвада сиқыршылар мектебінің ашылуы туралы хабарға жергілікті діни басқарма алаңдаушылық танытып отыр.