Ливанда Израиль соққыларынан 39 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM - Ливан аумағына жасалған Израиль шабуылдары салдарынан кемінде 39 адам қаза тапты.
Бұл туралы Ливан билігі мәлім етті, деп хабарлайды BBC.
Шабуылдарға жауап ретінде Хезболла Израильдің солтүстігі мен Ливанның оңтүстігіндегі израильдік әскери бөлімдерге зымырандар мен дрондар жіберген.
Израиль әуе соққыларының басым бөлігі Ливанның оңтүстігіне бағытталған.
Израиль әскері шабуылдар Иран қолдайтын қарулы топтың инфрақұрылымы мен оған қатысы бар нысандарға жасалып жатқанын мәлімдеді.
Израиль мен Хезболла арасындағы шабуылдар АҚШ президенті Дональд Трамп 16 сәуірде бітім туралы келісім жариялағаннан кейін де тоқтамаған.
Келісім Израиль және Ливан үкіметтері арасында жасалған.
Соған қарамастан екі тарап бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап, соққыларын жалғастырып келеді.
Ливан денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, ең ауыр шабуылдардың бірі елдің оңтүстігіндегі Сайда қаласына жақын Айн-әд-Дельб ауданында болған.
Шабуыл салдарынан тұрғын үйлер қирап, ондаған адам үйінді астында қалған.
Ливан билігінің дерегіне сәйкес, Израиль мен Хезболла арасындағы әскери шиеленіс басталғалы бері елде 2795 адам қаза тапқан.
Өз кезегінде Хезболла Израильдің солтүстігіне дронмен шабуыл жасаған.
Израиль әскері бұл шабуылдан үш сарбаз жараланғанын хабарлады.
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, соңғы бір аптада Израиль шабуылдары салдарынан ел бойынша 120-дан астам адам көз жұмған.
Қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар да бар.
Министрлік мәліметінде қаза болғандар бейбіт тұрғындар мен қарулы топ мүшелері болып жеке бөлінбеген.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп осыған дейін Ливан мен Израиль арасындағы бітім үш аптаға ұзартылғанын айтқан болатын.