«Ливерпуль» клубының жанкүйерлерін көлік басып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Ағылшын Премьер-лигасындағы жеңісті атап өтіп жатқан «Ливерпуль» футбол клубының жанкүйерлер тобын көлік басып кетті. Оқиға Ливерпуль қаласының орталығында орын алған. Бұл туралы Euronews хабарлады.

— Бүгін, дүйсенбі, 26 мамыр күні кешкі сағат 18.00 шамасында Уотер-стрит көшесінде көлік бірнеше жаяу жүргіншіні қағып кетті деген хабар алдық, — делінген полиция мәлімдемесінде.
Полицияның айтуынша, көлік бірден оқиға орнында тоқтатылған, ал жүргізуші тұтқындалған.
— Оқиға орнында шұғыл қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Жаңа мәліметтер түскен сайын хабарлап отырамыз, — деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
Айта кетейік, дәл осы дүйсенбі күні «Ливерпуль» футбол клубы жеңісіне орай қала ішінде автобуспен шеру өткізген болатын. Мыңдаған жанкүйер сүйікті командасын қарсы алуға жиналған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ванкувердегі фестивальде көлік соқтығысуы салдарынан бірнеше адам көз жұмған болатын.