Ілім-білім, парасаттың бәрі кітапта – ақын Ақұштап Бақтыгереева
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Ұлттық кітап күніне орай «Ұлттық мұра және кітап әлемі: дәуірлер сабақтастығы» атты кітап фестивалі өткізілді.

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған іс-шарада жаңа әдебиеттер көрмесі, кітап баспалары мен дүкендерінің жәрмеңкесі, Абай, Жұбан, Қадыр бейнелері сомдалған көріністер келушілер назарына ұсынылды.

Алматыдан арнайы келген қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет елімізде қолға алынған Ұлттық кітап күнінің мән-маңызына тоқталды.
– Кітап мерекесі республика бойынша барлық жерде өтіп жатыр. Біз отыз жыл кітаптан адасып қалдық. Байлық қуу абырой әпермейді. Бәрін ақшаға тіреген заман бұрын да өткен. Кітап оқымағанның кесірінен болып жатқан кемшіліктер түзеледі. Сана, тәрбие, ілім-білім, парасаттың бәрі кітапта. Сондықтан айналайын жастар, кітап оқыңдар. Келер ұрпақтың әлем білімпаздарымен иық теңестіріп, жаңалық ашатынына сенемін, - деді А.Бақтыгереева.

БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің сөзіне қарағанда, өңірде 356 кітапхана заман талабына сай жұмыс істеп тұр. 25 кітапхана қайта жаңғыртылып жатыр. Облыста кітап оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин өңір қаламгерлері атынан лебізін жеткізді.
– Парасатты қоғамды халық қалыптастырады. Парасатты халықты көркем әдебиет қалыптастырады. Осыдан-ақ адамзат үшін де, жеке адам үшін де көркем әдебиеттің мән-маңызы айрықша зор екенін аңғаруға болады. Сондықтан өзіміз отбасында бала-шағымыздың көзінше кітапқа қайтадан оралып, уақытымызды бөлейік. Біздің үлгі-өнегемізді көрген жас ұрпақ та кітап оқитын толқын болып қалыптасады, - деді Б.Ғұбайдуллин.
Сондай-ақ Бауыржан Ғұбайдуллин қалың бұқара зиялы қауымға қарап ойын да, бойын да түзейтінін айтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда Ұлттық кітап күні тойланатынын жазған едік.