10:25, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
«Локомотив» футбол клубы Сергей Юранды уақытша бас бапкердің міндетін атқарушы етіп бекітті
АЛМАТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаңа маусымда Астана қаласының намысын қорғайтын «Локомотив» футбол клубы Сергей Юранды уақытша бас бапкердің міндетін атқарушы етіп бекітті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Локомотив» футбол клубы желтоқсан айының соңында құрылып, оған Вахид Масудов бас бапкер болып тағайындалған еді. Алайда, ақпанның соңында Вахид Масудов өз еркімен қызметтен кететінін мәлімдеді. Клуб басшылығы алғашқыда бас бапкердің міндетін атқарушы етіп Владимир Гулямхайдаровты бекіткен. Енді оның орнын Сергей Юран басып отыр.
Клубтың баспасөз хатшысы Марат Исабаевтың айтуынша, 18-ші ел чемпионатындағы алғашқы турдың бірінші ойындарын олар наурыздың 7-сінде Сәтбаев қаласында «Қазақмыспен» өткізбек. Алайда Қазақстан Футбол федерациясының интернет сайтындағы кестеге бұл ойын әлі енгізілген жоқ. Онда «Қайсар» мен «Ақтөбе», «Ертіс» пен «Жетісу», «Ордабасы» мен «Тобыл», «Восток» пен «Атырау», «Оқжетпес» пен «Қызылжар», «Тараз» бен «Шахтер» командаларының арасындағы кездесулер ғана көрсетілген.