Лондонда аккредиттелген дипломатиялық миссия басшылары Ақтөбедегі терактке байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елдердің дипломатиялық миссия басшылары, Біріккен Корольдіктің қорғаныс және сыртқы істер министрліктерінің басшылары, сондай-ақ шетелдік компаниялардың басшылары Ақтөбедегі лаңкестік оқиғасына байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты, деп хабарлады ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентінің 9 маусым күнін «Ұлттық аза тұту күні» деп жариялауына байланысты Елшілікте көңіл айту кітабы ашылған болатын.
Қанды оқиға кезінде қаза тапқандар мен құрбан болғандардың жақындары мен туған-туыстарына, жалпы Қазақстан халқына Ұлыбританияда аккредиттелген көптеген шет елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары мен әскери атташелері көңіл айтты.
Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігі қиын-қыстау күнде Қазақстан халқына қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған бұл шараға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді.