Лондонда еврей қайырымдылық ұйымына тиесілі 4 жедел жәрдем көлігін өртеп кетті

АСТАНА. KAZINFORM - Лондонның солтүстігінде еврей қайырымдылық ұйымына тиесілі төрт жедел жәрдем көлігі өртелгеннен кейін екі адам ұсталды, деп хабарлайды BBC.

жедел жәрдем
Фото: BBC

Ұсталғандарға адам өміріне қауіп төндіру .шін өрт қойды деген күдік елтіріліп отыр.

«Хацала» жедел жәрдем қызметінің көліктері еврей қауымы тығыз қоныстанған Голдерс-Грин ауданында дүйсенбіге қараған түні өртелген. Бұл оқиға антисемитизм негізіндегі өшпенділік қылмысы ретінде тергеліп жатыр.

Сәрсенбі күні таңертең Лондон полициясы қаланың солтүстік-батысында 47 жастағы ер адамды, ал орталық бөлігінде 45 жастағы тағы бір күдіктіні ұстады. Екеуінің де Ұлыбритания азаматтары екені хабарланды.

Аудандық полиция басшысы, бас суперинтендант Джейсон Стюарт Би-би-си арнасына берген сұхбатында бұл ұстауларды тергеуде барысындағы маңызды қадам деп бағалады. Сонымен бірге ол полицияда тағы бір ер адамның бейнесі түскен бейнежазбалар бар екенін айтты.

— Еврей қауымының қауіпсіздігіне ерекше мән береміз. Осыған байланысты біз осы аптада қауіпсіздік шараларын күшейттік және оны алдағы апталарда — Песах мерекесі кезінде және одан кейін де жалғастырамыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз, — деді ол.

Митрополит полициясының терроризммен күрес бөлімінің басшысы Хелен Флэнаган тәртіп сақшыларының қолында «кемінде үш адамның қатысы бар екенін көрсететін» бейнежазбалар бар екенін мәлімдеді.

— Жергілікті тұрғындардың алаңдаулы екенін толық түсінеміз. Тергеу қарқынды жүріп жатыр. Біз бұл іске қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаларды анықтап, оларды ұстау жұмыстарын жалғастырамыз, — деп қосты ол.

Осыған дейін Ұлыбританияда еврейлерге шабуыл жасамақ болған екі ер адам өмір бойына сотталғаны туралы жаздық.