Лос-Анжелестегі атақты «Голливуд» жазуы орнында қалатын болды

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат - Лос-Анжелестегі Маунт-Ли төбесінде орналасқан атақты «Голливуд» деген жазуды сақтап қалу науқаны өзінің игі мақсатына жетті.

Лос-Анжелестегі  атақты «Голливуд» жазуы   орнында  қалатын болды

«Траст фор паблик ленд" қоғамдық ұйымы мәлім еткендей, меценаттардың, голливудтық студиялардың, режиссерлер мен актерлердің, жергілікті тұрғындардың ерікті жарналарының арқасында 12,5 миллион доллар қаржы жиналып отыр. Мегаполистің символына айналған атақты жазуды аман алып қалып, орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге жол бермес үшін осыншама сома қажет болған еді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Лос-Анжелес символы сонау 1923 жылы тұрғызылған болатын. Ол кезде жазу қазіргідей 9 латын әрпінен емес, 13 әріптен тұратын және Hollywoodland деген жазу - жер телімдерін жарнамалайтын. 1949 жылы Голливуд Сауда палатасы соңғы төрт әріпті алып тастап, қалған әріптерді жөндеуден өткізеді. Ал 1978 жылдың қараша айында төбеге биіктігі 13 метрге жететін жаңа әріптер орнатылады. Ол әріптердің әрқайсысы 27,5 мың долларға түскен. Ал сөздің жалпы ұзындығы - 150 метрді құрайды.