Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Жайықтың жағасынан қандай әсер алуға болады? Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» жобасы Атыраудың туристік әлеуетін зерттеп, сарапшылармен бірге өңірге жан-жақты баға берді.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Атырау — табиғаты мен тарихы тоғысқан, туристік әлеуеті жоғары өңір. Мұнда жағажай демалысы, әуесқой балық аулау, экотуризм мен тарихи бағыттарды дамытуға мүмкіндік мол. Өткен жылы облысқа 187 мың турист келген.

Атырау туризмінің әлсіз тұсы
Видеодан алынған кадр

Өңірдің туристік брендіне айналып келе жатқан орындардың бірі — Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы. Сондықтан бағдарлама жүргізушілері туристер ерекше қызығушылық танытатын табиғи нысаннан сапарын бастады. Лотос алқабын туристік бағыт ретінде дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Соның бір дәлелі — өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған Lotos Fest фестивалі. Бір ай ішінде оған 15 мың адам қатысқан.

— Алқапты тамашалауға ең қолайлы кезең — шілде мен тамыздың ортасына дейінгі уақыт. Шетелдік туристер сапарын Visit Atyrau ақпараттық орталығы арқылы алдын ала жоспарлап, өзіне ыңғайлы бағытты таңдап, гид қызметін пайдалана алады, — деді туристік ақпараттық орталықтың директоры Қайсар Мақсұтов.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Алайда Құрманғазы ауданының туристік әлеуеті тек лотос алқабымен шектелмейді. Қиғаш өзені бойында әуесқой балық аулауға арналған алты туристік база жұмыс істейді. Бұдан бөлек, келушілерге бердвотчинг пен қайықпен серуендеу қызметтері де ұсынылады. Мұндай табиғи ерекшеліктердің қалыптасуы кездейсоқ емес. Лотос Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданында, Қиғаш пен Шароновка өзендерінің Каспийге құяр сағасында өседі. Ал Еділдің бір тармағы саналатын Қиғаш өзені бай биоалуантүрлілігімен ерекше. Мұнда Қызыл кітапқа енген құстардың 36 түрі бар.

Тұрғындар туризмге қандай баға берді?

Облыс тұрғындарының демалыс мәдениеті мен туристік орындарға көзқарасы қандай? Мұны білу үшін бағдарлама жүргізушілері қала тұрғындары арасында блиц-сауалнама жүргізді.

Жастардың жауабы әртүрлі болды. Бірі қаладағы саябақтар мен лагерьлерді демалысқа қолайлы орын ретінде атаса, енді бірі Атырауда туристік нысандар аз болғандықтан, қыдыру үшін өзге қалаларды таңдайтынын айтты. Тіпті кейбір тұрғындар өңірдегі демалыс орындарының кемшіліктерін жасырмады.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Тазалық мәселесіне келгенде пікір қақ жарылды. Кей тұрғындар қаланың тазалығына оң баға берсе, басым бөлігі бұл бағытта әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін жеткізді.

Ал көпшіліктің ортақ пікірі бір жерден шықты. Қала сыртындағы Индердегі Тұздыкөл тұрғындар жиі атайтын әрі өңірдің ең танымал демалыс орындарының бірі болып шықты.

Туризм тазалықтан басталады

Облыста туристік маусымға дайындық қызу жүреді. Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде 200-ден астам экологиялық шара ұйымдастырылған. Биыл да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Әсіресе, туристер көп келетін Құрманғазы ауданында тазалыққа ерекше көңіл бөлінеді.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Лотос гүлдейтін маусым қарсаңында Теңіз ауылының тұрғындары сенбілікке жұмыла кіріскен. Жергілікті халық пен жастар саяхатшыларды таза әрі көрікті ауылда қарсы алуды мақсат етеді.

Бұл іске ауыл тұрғындарымен бірге жастар да белсенді атсалысып жүр. Құрманғазы аудандық «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында биыл 170 жас еңбек етеді. Олар ай сайын бірнеше рет сенбілікке шығып, туристік нысандардың тазалығын сақтауға үлес қосады.

— Айына төрт рет сенбілікке шығамыз. Бұл — ауылды таза ұстап, туристік мекеннің көркін арттыруға қосқан үлесіміз, — дейді аудандық «Жасыл ел» еңбек жасағының координаторы Дархан Мұратқызы.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Өзен жағасындағы ауылда тазалық жұмыстары құрлықпен шектелмейді. Жергілікті тұрғындар қайықпен өзенге шығып, жағалауды басқан балдыр мен жабайы өсімдіктерді тазалайды.

— «Таза Қазақстан» акциясы қатарластарыммен бірге уақытты тиімді өткізуге әрі туған ауылымыздың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді, — дейді жасақ мүшесі Аружан Айтжанова.

Өзен үстіндегі жұмыс оңай емес. Соған қарамастан тұрғындардың туған жердің табиғатын аялауға деген ықыласы ерекше әсер қалдырады.

Теңіздегі өзгеріс пен кэмпинг қарқыны

Атырау Каспиймен шектесетін өңір болғанымен, теңіздің бүгінгі ахуалы туристік әлеуетке де әсер етіп отыр. Мұны бағдарлама жүргізушілері Зинеден ауылына барған кезде анық байқады.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Бір кездері ауыл маңында жағажай болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, небәрі он шақты жылдың ішінде Каспий жағалауы шамамен 30 шақырымға шегінген. Соның салдарынан бұрынғы демалыс орны бүгінде мүлде жойылған.

Бұл — тек туризмнің емес, экологияның да өзекті мәселесі. Арал теңізінің тағдыры әлемге белгілі болса, енді Каспийдің тартылуы да алаңдаушылық туғызып отыр. Теңіз табаны ашылған аумақтар табиғаттағы өзгерістің ауқымын көрсетеді.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Соған қарамастан өңірде туристерге арналған жаңа бағыттар дамып жатыр. Соның бірі — жол бойындағы кэмпинг туризмі. Мұнда балық аулауға, лотос алқабын көруге немесе ұлттық тағамнан дәм татуға келген саяхатшыларға барлық жағдай жасалған. Оның шетелдік қонақтарға қызықты екені байқалады.

Тұздыкөлдің әлеуеті ақсап тұр

Атыраудағы туристік әлеуетке кедергі болып тұрған мәселелердің бірі — турдың аздығы. Өңірде туроператорлар жоқтың қасы. Соның салдарынан Индердегі Тұздыкөлге жетудің өзі қиын. Арнайы автобус та, туристік трансфер де қарастырылмаған.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Такси жүргізушілері барып-қайту құны шамамен 40 мың теңге болатынын айтады.

— Туристерді тек жеткізіп, алып қайтамыз. Гид болып, тарихын айтып бере алмаймыз. Ол үшін арнайы мамандар керек, — дейді такси жүргізушісі.

Гидтердің жетіспеуі өңірдің туристік мүмкіндігін толық танытуға мүмкіндік бермей отыр. Осылайша, бағдарлама жүргізушілері Индерге өз күшімен жетіп, әрі қарай Тұздыкөлге 8 мың теңгеге жолға шықты. Тұздыкөлдің табиғи әлеуеті зор болғанымен, туристер сирек келеді.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерді арнайы іздеп келетін саяхатшылар аз. Ұзындығы 13, ені 11 шақырым болатын көлдің кей тұсы 50 метрден асады. Мамандар мұнда 2 миллиард тоннадан астам тұз қоры бар деп болжайды. Бұған дейін ерекше қорғалатын аумақ болған

Тұздыкөл төрт жыл бұрын бұл тізімнен шығарылған.

Қазір көл маңында визит-орталық, қонақүй, дүкен, дәретхана секілді қажетті нысандар жоқ. Тек бос қалған ғимараттар мен көрініс тамашалауға арналған алаң бар.

Нарын құмы — батыстың сафариіне айналған мекен

Келесі бағыт — Исатай ауылы болды. Мұнда жазық дала бірте-бірте жыңғыл мен сексеуіл өскен шағын төмпешіктерге ауысып, сайын далаға сұғына түскен сайын батыстың сафариі атанып кеткен Нарын құмдары көзге шалынады. Көлемі 40 мың шаршы шақырымды алып жатқан құм мал шаруашылығына қолайлы аймақ саналады.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Бұрын көпшілік назарынан тыс қалып келген Нарын құмы бүгінде туристер жиі іздейтін орындардың біріне айналып келеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әлеуметтік желілердегі фото-видеоконтент пен туристерге жасалған жағдайдың арқасында келушілер саны артқан. Алдағы уақытта мұнда фестивальдер мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

— Келген туристердің көбі Нарын құмын көлікпен емес, түйемен аралауды құп көреді. Көбіне белі сыздап, буыны ауыратын жандар келеді. Бізде табиғи өнімдердің бәрі бар, — дейді ауыл тұрғыны Исабай Хидуллин.

Нарын құмының тағы бір ерекшелігі — табиғи тазалығы. Құмды алқапта қоқыс көзге түспейді. Туристер мұнда түйемен серуендеумен қатар квадроцикл мініп, шөлейт табиғатты басқа қырынан тамашалай алады.

Өткен мен бүгінді жалғаған Сарайшық

Атыраудың туристік бағытындағы ең ірі тарихи нысандардың бірі — Сарайшық музей-қорығы. Ортағасырлық қаланың тарихымен танысамын деген турист үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Көрме залдары тарихи жәдігерлерге толы, аумағы абаттандырылған, демалыс орындары қарастырылған. Нысанға баратын жол да ыңғайлы, қызмет көрсету деңгейі жоғары.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Тарихты тереңірек танығысы келетіндерге гид қызметі ұсынылады. Бар болғаны 3 мың теңгеге келушілер Бату хан дәуірінен бастап көне Сарайшықтың тарихын, 3D реконструкцияларды, қайта қалпына келтірілген қорған қабырғаларын және археологиялық мұраларды тамашалай алады.

Музейдің басты құндылығы — бірегей жәдігерлер қоры. Қазіргі таңда мұнда төрт мыңға жуық экспонат сақтаулы. Олардың барлығы 1999–2009 жылдары көне қала орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

Сарайшықтың тарихына қызығушылық шетелдік туристер арасында да жоғары. Сондықтан музей келушілерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, тарихи орынға көбіне Испания, Италия және Қытайдан келетін саяхатшылар жиі ат басын бұрады.

Әкімдіктің жоспары қандай?

Бағдарлама дәстүріне сай өңірдің туристік әлеуеті мен алдағы жоспарлар жергілікті билік өкілдерімен талқыланды. Осы мақсатта жүргізуші Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовпен сұхбаттасты.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Облыс әкімдігі туристік бағыттарды дамытуға басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, өткен жылы Lotos Fest фестиваліне ерекше көңіл бөлінсе, ендігі міндеттердің бірі — кәсіби гидтерді даярлау.

— Былтыр Лотос фестиваліне күш салдық. Гидтерді оқыту — қазіргі жоспарымыздың бірі, — деді Дарын Шамұратов.

Өңірде туристік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары да жалғасады. Әкімдік Индер маңында шипажай салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Каспий теңізінің тартылуына байланысты халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар қолға алынған.

— Тартылған аумақ адамдардың денсаулығына әсер етпеуі керек. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарын бірінші кезекке қойып отырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сарапшылардың қорытынды бағасы

Бағдарлама соңында Атыраудың туристік әлеуетіне сарапшылар баға берді. Олардың пікірінше, өңірдің мүмкіндігі зор болғанымен, оны толық пайдалануға кедергі келтіретін мәселелер әлі де аз емес.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев ең алдымен туристік әлеуеттің толық ашылмай отырғанына назар аударады.

— Есептерде атқарылды деп көрсетілетін жұмыстар мен бағдарлама барысында анықталған кемшіліктер сәйкес келмейді. Туризм саласында шешімін күткен мәселелер көп, — деді сарапшы.

Сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков туристік нысандардың сәулеттік келбетіне тоқталды.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Оның пікірінше, демалыс орындарында ұлттық нақыш жеткіліксіз. Мәселен, глэмпингтерді қазақы ою-өрнекпен безендіріп, өңірдің мәдени ерекшелігін айшықтауға болар еді.

Лотос, Сарайшық, Нарын: Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай
Видеодан алынған кадр

Ал туризм саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаев инфрақұрылым мәселесін көтерді.

— Туристік нысандарға жету қиын. Такси жүргізушілерінің өзі баруға құлықсыз. Туроператорлардың аздығы да қолбайлау. Дегенмен лотос фестивалі, әуесқой балық аулау сияқты жобалар қолға алынған. Сондықтан өңірдің алдағы әлеуетіне сенім бар, — деді ол.

Сарапшылардың бағалауы қорытындысында Атырау облысы жалпы есеппен 22 ұпай жинады.

Еске салайық, бұған дейінгі шығарылым Маңғыстаудың туристік әлеуетіне арналды.