LRT бір күнде қанша жолаушы тасымалдай алады
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсететін City Transportation Systems компаниясындағылар (бұдан әрі – CTS) LRT бір күнде қанша жолаушы тасымалдай алатынын айтты.
- Алғашқы уақытта LRT-ны 45 мың адамға дейін пайдаланады деген болжам жасалды, - деп жазылған Kazinform сауалына берген жауапта.
Компания өкілдері жобаның жалпы құнын да атады.
- Қосымша құн салығынсыз 1,8 млрд АҚШ долларын құрайтын EPC-келісім 2016 жылы жасалды және өзгертілген жоқ. Бұл сомаға LRT құрылысы, депоны тұрғызу, вагондарды құрастырып Астанаға жеткізу, жұмыскерлерді оқыту сияқты LRT толық іске қосылғанға дейінгі жұмыстар кіреді, - делінген ресми мәліметте.
Бұған дейін LRT жолаушыларына 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге мүмкіндік берілетінін жазған едік.