Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

LRT желісінің соңғы аялдамасы қала кіреберісінде болады — Азамат Қапышев

АСТАНА. KAZINFORM- Астана мен Қосшыны байланыстыратын Tarlan Astana LRT желісінің екінші кезеңі Қосшы қаласының кіреберісіне дейін ғана жетеді. Бұл туралы Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев мәлімдеді. 

LRT желісінің соңғы аялдамасы қала кіреберісінде болады — Азамат Қапышев
Коллаж: Kazinform

Әкімнің айтуынша, LRT желісін қаланың ішіне дейін тарту жоспарланбаған.

Оның түсіндіруінше, бұған инженерлік инфрақұрылымның ерекшелігі себеп болған.

— Қала аумағында инженерлік желілер өте көп әрі бір-біріне тым жақын орналасқан. Сондықтан LRT желісін қаланың іші арқылы жүргізу мүмкін болмады, — деді Азамат Қапышев.

Әкімнің сөзінше, LRT желісінің соңғы станциясы Қосшы қаласының кіреберісінде орналасады.

— LRT станциясы «Қосшы» деген жазуы бар стеланың маңында, яғни қалаға кіреберісте орналасады. Полиция бекеті мен қалаға бұрылатын жолдың тұсы. Соңғы аялдама дәл сол жерде болады, — деді қала әкімі.

Айта кетейік, Астанада Қосшы мен оң жағалауға арналған екі деңгейлі LRT станциясы салынады.

Оған қоса, Астанадан Қосшыға дейінгі LRT желісінің құрылысы 2027 жылы аяқталатынын жазғанбыз.