Лудоманияны қалай анықтауға болады: тәуелділіктің үш сатысы
АСТАНА. KAZINFORM — Ашық деректерде еліміздегі лудомандардың саны жөніндегі статистика әртүрлі. Бұл көрсеткіш шамамен 400 мыңнан 700 мыңға дейін барады. Демек, Қазақстанда жүздеген мың адам құмар ойындарға тәуелді. Лудомания деген не, зардабы қандай және одан қалай емделуге болатыны жайында зерттеп көрген едік.
Адам лудоманияға неге шалдығады
Астана қалалық психикалық денсаулық орталығына барып, құмар ойындарға тәуелділіктен емделіп жатқан азаматтың әңгімесін тыңдаған едік. 35 жастағы Тимур (есімі өзгертілді), ең алдымен, мұндай жолға қалай түскенін айтты. Оның сөзінше, бәрі отбасындағы тәрбие мен бақылаудың кемшіндігінен басталған.
— Үйде жалғыз бала болғандықтан, ата-анам ештеңеден тыйған жоқ. Не істеймін десем де, бәріне рұқсат беретін. Мүлде бетімнен қақпады. Сонымен қатар, америкалық мәдениет маған қатты әсер етті. Афроамерикалықтардың музыкасы ұнайтын. Ал ол есірткіні, жеңіл өмір мен қылмысты насихаттайды. Сосын жасөспірім кезімде әрдайым өзімнен жасы үлкен жігіттермен араласуға үйір болдым. Олардан бірдеңе үйренгім келетін. Осының бәрі мені тәуелділікке алып келді, — дейді науқас.
Ол 16 жасында футбол, волейбол, теннис тәрізді спорттардың ойындарына бәс тіге бастаған. Бұл әдеті ақырындап тереңдей берген.
— Ақша болмаса, қымбат заттарымды, үйдегі кей мүлікті саттым. Түскен қаржыға қайтадан бәс тігетінмін. Ұтсам, қыдырып, сауық-сайран құратынмын. Ал ұтылсам, шашымды жұлып, ызалатынмын, — дейді Тимур.
Ол қалалық психикалық денсаулық орталығында бұған дейін де бірнеше рет жатып, реабилитациядан өткенін айтады. Мұндай үдеріс қоғамнан оқшауланып, ойыңды жинақтауға, санаңды сауықтыруға зор септігін тигізеді екен.
— Жасөспірім кезімнен ішімде бос кеңістікті сезінетінмін. Соны қыз-қырқынмен қарым-қатынаспен, есірткімен, ішімдікпен, құмар ойындармен толтыруға тырыстым. Олар маған өз-өзіме көңілім толу сезімін сыйлайтын, — дейді Тимур.
Осы арқылы адамның бала кезінен қызығатын, айналысатын сүйікті ісі болуы керектігін, алдына мақсат қойып, соған ұмтылуы қажеттігін меңзеді. Әйтпесе, оның орнын жаман әдеттер толтыруы мүмкін.
— Құмар ойындар ойнап, бәрінен айрылдым. Бұрын белді компанияда маркетолог болып қызмет еттім. Жұмысымнан да, жиған-терген ақшам мен бар дүниемнен де айрылдым. Сол кезде ғана басыма тиді. Құмар ойындардан ешқашан табыс таба алмайтынымды түсіндім. Осыны ұққан кезде құмар ойындар ойнауды да қойып кеттім, — дейді ол.
Сонымен қатар, қаншама уақытын текке жоғалтқанына өкініп, көпшілікке құмар ойындар және басқа да жаман әдеттерді мүлде бастамауға, оларға жоламауға кеңес берді.
Медициналық әрі әлеуметтік өзекті мәселе
Елімізде құмар ойындарға тәуелді болып, өмірінің берекесі қашқан Тимур секілді жүздеген мың азамат бар. Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Ақбота Әбузәкірова олар көбіне мамандардың жүйелі бақылауында болмайтынын айтады. Себебі, әдетте, лудомандар жеке басын көпке жариялағысы келмей, дәрігерлерге жасырын түрде жүгінеді. Көбі, тіпті, мүлде емделмейді. Өйткені, лудоманияны ауру деп мойындамайды.
Сонымен қатар, психиатр-нарколог бүгінде құмар ойындарға тәуелділік өзекті медициналық әрі әлеуметтік түйткіл екенін атап өтті.
— Бұл мәселе қазір құмар ойындар, онлайн казино, түрлі ойын қосымшалары тым кең тарап, қолжетімді болғандықтан, туындап отыр. Лудоманияға көбіне 18-35 жас аралығындағы жастар шалдығады. Лудомания — тек зиянды әдет қана емес, психологияның және мінез-құлықтың бұзылысы. Құмар ойындарға тәуелді адам өзін-өзі басқарудан қалады. Қаржылық, отбасылық, әлеуметтік қиындықтарына қарамастан, ойнауды жалғастыра береді. Содан масайрап, шаттыққа кенеледі, эйфориялы күйге енеді, — дейді ол.
Құмар ойындарға тәуелділік қалай емделеді
Психиатр-нарколог Ақбота Әбузәкірованың сөзінше, лудомания дертінің үш кезеңі бар. Маман әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, толығырақ мәлімет берді.
— Біріншісі — ұтыс сатысы. Адам құмар ойынды енді бастап, соның арқасында адреналин, эйфория тәрізді жақсы сезімдерге бөленеді. Мұны көңіл көтеру ретінде қабылдап, ары қарай ойнай түседі. Ірі ұтыстарға, мол табысқа кенеледі. Өзін жолы болғыш жан көріп, тұрақты түрде ойнайтын болады, — дейді психиатр-нарколог.
Ал екіншісі — ұтылыс сатысы. Ойнамаса тұра алмайтындай, тәуелді болып қалғаннан кейін, үздіксіз ұтыла бастайды. Ұтылған қаржысын қайтару үшін тағы да ойнай береді. Сөйтіп, несиелер, шағын несиелер алып, қарызға белшесінен батады. Бұл кезеңде лудоман құмар ойындарға көңіл көтеру емес, ақша табу құралы ретінде қарайды.
Әдетте, осы екінші кезеңде отбасы оның құмар ойындарға тәуелді екенін, қарызының көптігін біліп, үй ішінде ұрыс-керіс, жанжал көбейеді. Жұмысында да қиындықтар туындауы мүмкін.
— Ал үшінші кезеңде лудоман психологиялық тұрғыда толықтай құмар ойындарға тәуелді болады. Отбасындағы және жұмысындағы мәселелерден ауыр күйзеліске түсіп, көңілі алаң мен уайымнан арылмайды. Жанын енжарлық пен селқостық жайлап, ештеңеге зауқы соқпайды. Тек құмар ойындарды ойнағысы келіп тұрады. Отбасы оны осы тәуелділіктен құтқарғысы келіп, әрекет етсе, лудоман күйгелектікке салынып, ашулана беретін болады, — дейді Ақбота Әбузәкірова.
Оның айтуынша, соңғы кезеңде бірте-бірте алкогольге не есірткіге тәуелділік секілді басқа да дерттер жамалуы мүмкін.
Сонымен бірге, лудоманияны емдеу үшін ешқандай дәрі жоқ. Өйткені, ол химиялық тәуелділік емес, психикалық дерт.
— Жоғарыда айтқанымыздай, күйзеліске түсіретіндіктен, науқасқа тек антидепрессанттар тағайындалуы мүмкін. Жалпы, лудомания психотерапия арқылы емделеді. Мамандар лудоманның санасы, ойлау жүйесі, мінез-құлқымен жұмыс істеп, мәселенің себебіне қарсы күреседі. Себебі әртүрлі болуы мүмкін (күйзеліс, психологиялық әлсіздік т. б.). Лудоманияны мамандар психикалық тәсілдермен емдейді. Ол ұзақ уақыт алуы мүмкін. Әр адамда әртүрлі. Науқастың мінезіне, емделуге деген ішкі құлшынысына байланысты. Психо-когнитивті әрі мінез-құлық терапиясы болғандықтан, ем-домның нақты мерзімін айту мүмкін емес, — дейді психиатр-нарколог.
Сонымен қатар, оның сөзінше, лудоманды емделуге көбіне отбасы мен туыстары алып келеді. Құмар ойындарға тәуелді адам бұл әдетін ауру емес, көңіл көтеру тәсілі не сүйікті ісі деп ойлайды.
— Туыстары лудоманды кез келген ойын түрінен, ақшадан, сатуға болатын заттардан барынша шектегені жөн. Құмар ойындарға тәуелді адам өз еркін басқара алмайды, сондықтан оны отбасы бақылауда ұстауы керек, — деп кеңес берді дәрігер.
Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері 118 млн теңге жымқырғанын жазғанбыз.
Ал Көкшетауда танысының депозитіндегі ақшаны иемденген күдікті оны құмар ойынға жұмсаған.