Lufthansa әуе компаниясы қазақстандық жолаушыларға өтемақы төлейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан соты немістің Lufthansa әуе компаниясын жолаушыларға келтірілген материалдық шығынды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеді.

Lufthansa әуе компаниясы қазақстандық жолаушыларға өтемақы төлейді
Фото: euronews.com

Бұл туралы адвокат Данильхан Шағатаев өзінің Telegram-арнасында жазды.

2023 жылдың желтоқсанында Франкфурт-на-Майнеден Алматыға ұшқан компанияның ұшағы техникалық себептерге байланысты Астанаға қонған.

— Сол кезде жолаушыларға ыстық тамақ, салқын сусын, қонақүй және трансфер қарастырылмады. Әуе компаниясының өкілдері тарапынан ешқандай ақпарат немесе түсініктеме берілмеді. Соңында әуе компаниясының өкілі жолаушыларға өз беттерінше басқа рейске билет сатып алуға кеңес айтқан, ал әуе компания кейінірек бұл билеттердің құнын өтейміз деп уәде берген. Жолаушылар 2023 жылдың 22 желтоқсанындағы ең жақын рейске FlyArystan әуе компаниясының билеттерін өздері сатып алған. Сонымен қатар, олар қонақүй мен жүктің артық салмағы үшін де ақы төлеуге мәжбүр болды, — деді адвокат.

Әуе компаниясының өкілі билет құнын өтеуге уәде бергенімен, жолаушыларға ештеңе өтелмеген. Олар бір жарым жыл бойы Азаматтық авиация комитетіне шағым жазып келген, бірақ нәтиже болмаған.

Қазақстан Республикасы қатысушы болып отырған Монреаль конвенциясына сәйкес, қазақстандықтардың шетелдік әуе компанияға қарсы шағымын Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты қарады.

Соттың шешімі бойынша, Lufthansa әр жолаушыға сатып алынған билеттердің құнын, қонақүйге және артық жүкке кеткен шығындарды, моральдық зиянды және сот шығындарын өтеуі тиіс. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар