Луврдағы ұрлық: бес адам тұтқындалды, зергерлік бұйымдар әлі табылған жоқ
АСТАНА.KAZINFORM - Сәрсенбі күні кешкі сағат 8:00 шамасында Париждің бандитизмге қарсы бригадасы ел астанасының 16-шы ауданы мен оның айналасындағы қала маңынан бес адамды тұтқындады, деп хабарлайды Kazinform.
Өткен аптаның басында Луврдағы зергерлік бұйымдарды тонауға қатысты деп ұсталған тағы екі адам кінәсін ішінара мойындады. Бұл туралы Париж прокуроры Лор Беккюо сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, күдіктілер мұражайға сынған терезе арқылы кірген. Прокурор тергеу қорытындысы бойынша қылмысты ұсталған күдіктілер жасағанына еш күмәнданбайтынын атап өтті.
- Зергерлік бұйымдар әлі табылған жоқ, - деп қосты Франция халықаралық радиосы.
Лор Беккюоның айтуынша, күдіктілердің бірі - Париждің солтүстік маңындағы Обервильеде тұратын 34 жастағы Алжир азаматы. Ол бұған дейін ұрлық және жол ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Өзі курьер болып жұмыс істегенін айтады. Алжирге ұшқалы тұрған жерінде Шарль де Голль әуежайында ұсталған.
Екінші күдікті - Обервильеде туып-өскен 39 жастағы ер адам. Ол такси жүргізушісі болып заңсыз жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Ол өз үйінің жанында ұсталды. Лувр тонауына дейін оған бірнеше ауыр қылмыс, соның ішінде банкомат ұрлығы бойынша айып тағылған болатын.
- Қазіргі уақытта зергерлік бұйымдар әлі біздің қолымызға түскен жоқ. Мен олардың табылып, Луврға және бүкіл ұлтқа қайтарылатынына сенемін, - деді прокурор.
Прокурордың айтуынша, қазіргі уақытта мұражай қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, ұрыларға көмектескені туралы ешқандай дәлел жоқ.
Ол сондай-ақ экспонаттардың бірі - император Евгенийдің тәжі қатты зақымдалғанын растады. Ұрылар қашып бара жатқанда оны мұражайдың жанына тастап кеткен. Оны қалпына келтіру қиын болады деді прокурор.
Айта кетейік, әйгілі Лувр музейіндегі ұрлық бүкіл Францияны селт еткізді. Қылмыскерлер айналасы бірнеше минуттың ішінде Наполеон мен Жозефина патшайымға тиесілі болды делінетін құнды заттарды үптеп кеткен.