Людмила Зыкинаның көмекшісі әншінің барлық қымбат бұйымдарын қайтарып берді
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Әнші Людмила Зыкинаның бұрынғы көмекшісі Татьяна Свинкова өзінің қолындағы барлық қымбат бұйымын қайтарып берді,
деп хабарлайды құқық қорғау органдары. «Свинкова марқұм Зыкинаның бір қорап зергерлік әшекейлерін қайтарып берді. Әншінің барлық әшекейлері сақталған бұл металл қораптың көлемі шамамен 30 да 30 сантиметр», - деп хабарлады милиция.
Естеріңізге сала кетейік, бір айдай уақыт бұрын Свинкованың қала сыртындағы үйіне тінту жасалынып, милиция қызметкерлері әшекей бұйымдар, жиһаздармен қатар, әншінің жеке заттарын да тапқан болатын. Сол кезде әртістің көмекшісі оның қолында Зыкинаның басқа ешқандай заты қалмағандығын айтқан еді.