М.Ахмадинежад: Тегранға қарсы жаңа санкциялар енгізу Иран мен АҚШ-тың қарым-қатынасын жақсарта қоймайды

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат - Тегранға қарсы жаңа санкциялар енгізу Иран мен АҚШ-тың қарым-қатынасын жақсартудың мүмкіндігін жоққа шығарады, деп мәлім етті Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад Нью-Йоркте өткен баспасөз мәслихатында. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлап отыр.
None
None

«Егер санкциялар енгізілетін болса, Иран мен АҚШ-тың арасындағы қарым-қатынас бұдан былай ешқашан жақсармайды», - деп мәлім етті Иран басшысы өз сөзінде.

М.Ахмадинежад сондай-ақ, Иранның Құрама Штаттар тарапының не шабуылынан, не санкцияларынан қорықпайтынын айтты. Оның айтуынша, АҚШ жаңа санкциялармен Ираннан гөрі, өзіне үлкен зардап әкеледі, және ол қадам проблеманы дипломатиялық жолмен шешпек болған американ өкіметінің іс-әрекеттерінің күйрегені. Иранға басқа мемлекеттің тарапынан шабуыл жасалған жағдайда, Ислам Республикасы да «қарап қалмайды», деп мәлім етті ол.

АҚШ пен Батыстың бірқатар елдері Иранға ядролық қару жасап отыр деген күдік келтіруде және Ислам Республикасына қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақыруда. Ал Тегран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін айтудан танбауда.

Соңғы жаңалықтар