ІІМ азаматтарды дропперлердің қатысуымен жасалатын есірткі қылмыстары туралы ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі азаматтарды дропперлердің қатысуымен жасалатын есірткі қылмыстарына тартылу қаупі туралы ескертеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ мәліметінше, соңғы уақытта кейбір азаматтар оңай ақша табу мақсатында заңсыз желілер арқылы есірткі айналымына тартылуда. Қылмыскерлер банк карталарын, криптовалюта әмияндарын және басқа төлем құралдарын пайдалануды ұсынып, есірткі бизнесінің қаржылық ізін жасырады.
«Есіңізде болсын: банк карталарын, мобильді қосымшаларды және криптоәмияндарды үшінші тұлғаларға беру – жай қателік емес, бұл ауыр қылмысқа қатысыңыз бар дегенді білдіреді. Егер сіздің картаңыз немесе әмияныңыз есірткімен байланысты қаржылық операцияларда пайдаланылса, ол дәлел ретінде қаралады және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай әрекеттер бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін», – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Ведомство азаматтарды алаяқтардың арбауына түспеуге, заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартуға шақырады. Егер осындай жағдайлар туралы ақпарат болса, дереу полицияға хабарласу қажет.
Айта кетейік, елімізде 6 мыңнан астам дроппер туралы мәліметтер анықталды.