ІІМ болашақ полицейлерді іріктеу талаптарын өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығымен ішкі істер органдарына қызметке қабылданатын азаматтарды бастапқы кәсіби даярлыққа іріктеу және оны өту тәртібіне, сондай-ақ оларды оқудан шығару негіздеріне өзгерістер енгізді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 30 маусымнан бастап күшіне енеді.

ІІМ болашақ полицейлерді іріктеу талаптарын өзгертті
Фото: Нұрболат Нұржаубай / Kazinform

— Ішкі істер органдарына қатардағы, кіші және орта басшылық құрам лауазымдарына қызметке қабылдау азаматтар ІІМ білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіби даярлықтан өткеннен кейін жүзеге асырылады, — делінген құжатта.

Құжатта көрсетілгендей, жыл сайын ІІМ-нің кадр қызметі 1 желтоқсанға дейін келесі күнтізбелік жылға арналған бастапқы кәсіби даярлықтың жоспарын әзірлейді. Оны Ішкі істер министрі бекітеді. Жоспар ІІМ құрылымындағы кадр қызметтері берген өтінімдер негізінде жасалады.

Сонымен қатар кандидаттарды іріктеу ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Үміткер ЖСН арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашады.

Іріктеу кезеңдерінен өту барысында кандидат:

• тек өзі қатысуы және бөгде адамдардың болмауын қамтамасыз етуі; 
• орнынан кетпеуі;
• экраннан көзін бұрмауы;
• бейнені жаппауы;
• бейнекамераны өшірмеуі;
• телефонмен сөйлеспеуі;
• компьютерге басқа адамдардың қашықтан кіруіне мүмкіндік беретін бағдарламаларды, құлаққаптарды, қосымша электронды, баспа, қағаз және өзге де материалдарды пайдаланбауы тиіс.

Белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда іріктеу рәсімі тоқтатылып, оның нәтижелері жарамсыз деп танылады.

Кандидаттарды іріктеу процесін кадр қызметі ұйымдастырады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады:

• іріктеу туралы хабарландыру жариялау; 
• қатысуға ниет білдірген азаматтардың құжаттарын қабылдау;
• құжаттардың дұрыстығы мен толықтығын тексеру;
• қызметке жарамдылығын анықтау үшін кандидаттарды ІІМ әскери-дәрігерлік комиссияларына медициналық тексеруге жіберу;
• полиграфологиялық зерттеуден өту;
• тест тапсыру;
• тергеу немесе киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімдеріндегі лауазымдарға үміткерлер үшін эссе жазу;
• физикалық дайындығы бойынша нормативтер тапсыру;
• сұхбаттасу;
• іріктеуден өткен кандидаттарды ІІМ білім беру ұйымдарына бастапқы кәсіби даярлыққа жіберу.

Құжатта сұхбаттасу мен физикалық дайындығы бойынша норматив тапсыру барысы техникалық бейнежазба құралдары арқылы тіркелетіні көрсетілген.

Қазақстан Республикасының азаматтары іріктеуге қатысу үшін қажетті құжаттарды жеке кабинеті арқылы ұсынады. 

Олардың қатарында:

• іріктеуге жіберу туралы өтініш; 
• электронды түрде толтырылған өмірбаян;
• білім туралы құжат және қосымшасы;
• білімі, еңбек тәжірибесі және кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпараттар (біліктілікті арттыру, ғылыми дәреже мен атақ беру туралы құжаттар, спорттық жетістіктері, мінездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар және басқа да құжаттар болған жағдайда);
• заңнаманы білу және құқық қорғау қызметіне түсетін азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау бойынша тест нәтижелері кіреді.
Өтінішке қол қойғаннан кейін кандидаттың жеке куәлігі, еңбек қызметі және әскери қызметке қатысы туралы мәліметтер ақпараттық жүйеге автоматты түрде енгізіледі.

Сонымен қатар кандидат құжат тапсыру кезінде ақпараттық жүйеге жақын туыстары туралы мәліметтерді (аты-жөні, ЖСН, туыстық дәрежесі) енгізіп, жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісімін береді.

Кандидатқа ақпараттық жүйе арқылы медициналық және психофизиологиялық тексеруден өту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі.

Тексеру нәтижелері оң болған жағдайда кадр қызметінің мамандары кандидаттың қағаз түріндегі жеке ісін рәсімдейді.

Полиграфологиялық зерттеу нәтижесі бойынша қорытындыны аумақтық бөлімшенің полиграф маманы ақпараттық жүйеге енгізіп, кадр қызметіне жолдайды. Нәтижелер өңделгеннен кейін кандидаттың жеке кабинетіне тестілеуге жіберілгені туралы хабарлама келеді.

Кандидат бес жұмыс күні ішінде тест тапсырады. Ол ақпараттық жүйе арқылы тестілеуге дайын екенін растайды. Тестілеу бес минутқа созылады және 10 сұрақтан тұрады.
Тестілеуден кейін тергеу немесе киберқылмысқа қарсы бөлімдерге үміткерлер эссе жазу кезеңінен өтеді. Ал басқа лауазымдарға үміткерлер физикалық дайындығы бойынша норматив тапсырады.

Эссе тақырыбы таңдалған қызмет бағытына сәйкес кездейсоқ түрде автоматты түрде анықталады. Эссе көлемі 250-400 сөз болуы керек. Оны орындауға 90 минут беріледі.
Эссе жасанды интеллект технологиялары арқылы тексеріліп, нәтижесінде кандидатқа қорытынды баға қойылады.

Физикалық дайындығы бойынша норматив тапсыру кезінде кандидаттар:

• «А», «Б» және «С» дене дайындығы санаттарына; 
• медициналық-жас топтарына бөлінеді.
«А» және «Б» санатындағы ер кандидаттар үшін мына нормативтер қарастырылған (таңдау бойынша):
• 100 метрге жүгіру немесе 10 метр қашықтықты 10 рет қайталап жүгіріп өту;
• кермеге тартылу немесе брусьяда денені көтеру;
• 1000 метрге жүгіру немесе күштік жаттығуларды жасау.

Әйел кандидаттар (таңдау бойынша):

• 100 метрге жүгіру немесе 10 метр қашықтықты 10 рет қайталап жүгіріп өту;
• шалқасынан жатып денені көтеру немесе жатып қолды бүгу-жазу;
• 1000 метрге жүгіру немесе жатып тірелген қалыптан секіріп тұру жаттығуын жасау.

Қабылдау комиссиясының отырысында кандидаттың тестілеу нәтижелері, эссе жазу қорытындысы және дене дайындығы бойынша тапсырған нормативтері бағаланады. Сондай-ақ оның ішкі істер органдарына қызметке орналасу себептері анықталады. 

Комиссия кандидатқа қызметтегі шектеулер, жұмыстың ерекшелігі, қажет болған жағдайда жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері қызметке тартылуы мүмкін екені, сондай-ақ қызметтегі жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы түсіндіреді.

Комиссия кандидаттың бастапқы кәсіби даярлыққа жіберілуі немесе жіберілмеуі туралы шешім қабылдайды.

Бастапқы кәсіби даярлықтан өту шарттары

Бастапқы кәсіби даярлық курсанттары өзімен бірге:

• жеке куәлігін; 
• маусымға сәйкес камуфляжды киім үлгісін;
• спорттық киім мен аяқ киімін;
• жеке гигиена заттарын;
• жазу құралдарын алып келуі қажет.

Курсанттар бюджет қаражаты есебінен тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі.

Барлық бағыт бойынша бастапқы кәсіби даярлықтың оқу мерзімі 9 апта болады.
Бұдан бөлек, бастапқы кәсіби даярлықта оқыған уақыты ІІО-дағы қызмет өтіліне қосылады.
Бастапқы кәсіби даярлықтан өткен азаматтар ІІМ кадр құрамына қабылданады. Ал тағылымдамадан өтушілермен еңбек шарты заң талаптарына сай тоқтатылып, пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төленеді. Кандидат қызметке кадр құрамына қабылданғаннан кейін бір ай ішінде тағайындалады.

Еске салайық, полиция қызметкерлері дрондарды басқару бойынша дайындықтан өткен еді.