16:43, 23 Желтоқсан 2013 | GMT +5
М.Горький атындағы орыс драма театры кішкентай астаналықтар үшін жаңажылдық ертеңгіліктер өткізеді
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындары Жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Бұл - үлкендер де, кішілер де жақсы көретін мереке. 20 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жаңажылдық ертеңгіліктер өткізіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына М. Горький атындағы орыс драма театрынан хабарлады.

Мереке бағдарламасына «По щучьему велению, по детскому хотению...» атты жаңажылдық ертеңгілік енгізілген. Оның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар, жаңажылдық нышан - сиқырлы Тұлпар, және басқа да ертегі кейіпкерлері. Шара барысында балалар ойнап, Аяз атаның конкурстарына қатысып, сыйлықтар алады.
Бұдан басқа, ертеңгілік аясында Оксана Розумның Жаңа жылдың ғажайыптары мен достық туралы «Как Котенок Новый год спасал» ертегісі көрсетіледі.
Жаңа жылдық бағдарлама 2 сағатқа жалғасады. Ертеңгіліктер сағат 10.00, 12.30, 15.00 және 17.30-да басталады. Билеттің құны - 1000 теңге.