М.Кәриевтың рухани жетекшісі оны құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіру қажет деп сендірген - Бас прокуратура

Айта кетейік, Таразда лаңкестік оқиғаға байланысты осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен алты адам, соның ішінде ағымдағы жылдың басында құрылған және құрамына Кәриев кірген қылмыстық топтың рухани жетекшісі ұсталды. «Сараптама көрсеткендей, 12 қарашада М.Кәриев қылмыс жасаған кезде есірткілік масаң күйде болған. Топ жетекшісінің діни идеяларды жамыла жүріп, өзін діни тәлімгер ретінде көрсеткені, топ мүшелеріне жиһад жасау идеологиясын насихаттап, ислам мемлекетін құру үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіру қажет деп сендіргені анықталды», - деп нақтылады ресми өкіл.
Осы ойларын іске асыру мақсатында М.Кәриев қылмыстық топтың өзге мүшелерінің көмегімен танкке қарсы қолданылатын РПГ-26 гранатомет қаруын алған, сондай-ақ РГД-5 гранатасын, «ПМ» тапаншасын, 16-шы калибрлі және шағын калибрлі винтовкадан жасалған екі аңшылық шолақ мылтық сатып алған. «Кәриев қаруларды оқ-дәрілермен өз үйінде сақтаған. Кейін оларды екі сыбайласы тұрып жатқан пәтерге әкелген. 2011 жылғы 6 қарашада осы пәтерде жетекшілері 12 қарашаға тағайындаған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға байланысты мәселелерді талқылаған», - деді Н.Сүйіндіков.
Айта кетейік, қазіргі таңда лаңкестік, адам өлтіру, қарақшылық және басқа да қылмыстар фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша қылмыстық істер қозғалып, Тараздағы оқиға арнайы прокурордың жетекшілігімен тергелу үстінде. «Бүгінде тергеу жұмыстары 12 қарашада Тараз қаласында жасалған қылмыстардың барлығына қатысты мән-жайларды анықтады. Оған қатысы бар барлық адамдар ұсталды және қамауға алынды, тергеу шаралары жалғасуда», - деп түйіндеді ресми өкіл.