ІІМ: Қылмыс азайып, резонансты істердің ашылуы артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында тіркелген қылмыстар саны 10%-ға төмендеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарып, іздеуде жүрген жүздеген қылмыскер ұсталды, сондай-ақ бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топ пен заңсыз көші-қон арналарының қызметі тоқтатылды.

ІІМ: Қылмыс азайып, резонансты істердің ашылуы артты
Фото: ІІМ

Министрліктің мәліметінше, алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қылмыстар саны 10%-ға азайған. Ең көп таралған құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстардың ашылу көрсеткіші артқан.

— Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыс жүргізуде. Басты міндет — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алты айда елімізде қылмыстар саны 10%-ға төмендеді. Аса ауыр қылмыстармен күрес ерекше назарда. Кісі өлтіру қылмысы 9%-ға азайды.  Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жалғасады. Жыл басынан бері 15 кісі өлтіру, 19 ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, 7 зорлау және 31 бұзақылық қылмысы ашылды. Ұрлықтар саны 16%-ға азайып, олардың ашылу деңгейі артты. Ұрлық жасағаны үшін бес мыңнан астам адам ұсталып, шамамен 600 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Мал ұрлығына қарсы күрес те тұрақты бақылауда. 119 адам ұсталып, 28 қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Алты айда іздеуде жүрген 678 адам ұсталды. Олардың 90-ы шетел аумағында. 28 қылмыскер елге экстрадицияланды, 14 адам депортацияланды. Сонымен қатар 362 азаматтың жүрген жері анықталды. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жалғасуда. Павлодар облысында екі заңсыз көші-қон арнасы анықталды. Осындай қылмыстық схемалар Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында да жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қылмысқа жол ашқан әрекетсіздігі үшін 2 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылғанын жаздық.