М. Мақатаевтың қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, парасатын кемелдендіре түсті - Қ. Түменбай

АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Республикалық Кітап мұражайы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Әннің гауһары, жырдың жауһары - Мұқағали» атты сазды кеш өтті.
None
None

Кеште Нұрғали Нүсіпжанов, Дәлел Уашев, Шаяхмет Имашев және тағы да басқа өнер қайраткерлерімен қатар академия студенттері өнер көрсетті. Ақиық ақынның өлеңдері оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Ақынмен жақын болған, көзкөрген ақсақалдар Мұқағалиді еске алды.

Жазушы Қуандық Түменбайдың айтуынша, Мұқаңның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түскен. «Мұқағалидің поэзиясы - тұнған мұң. Ол өмірінде қиындықты көп көрді. Шығармашылығын көзі тірісінде көрсете алмады, өзін халыққа таныта алмады. Сөйтіп өмірден мұңмен кетті. Оның 80 жылдығы аталып жатыр, басылымдар жазып жатыр, той болады... Бірақ қазіргі уақытта Мұқағалидің жанының нәзіктігін көрсету жетпей жатыр. Ол туралы кітаптар да, естеліктер де бар, енді көзкөргендерді сөйлетіп хабарлар мен деректі фильмдер түсірілсе»,-дейді қаламгер.

Оның айтуынша, «Мұқағали» журналының таралымы бүгінде 9 мыңға жеткен. «Бұл Қазақ әдебиетінен де, Жұлдыз журналынан да асып кетті деген сөз. Ол халықтың Мұқағалиға деген ықыласы сөнбейді, өлмейді деген сөз»,- деп атап өтті Қуандық Түменбай.

Соңғы жаңалықтар