М. Мұхамедиев: Әкем жазықсыздан-жазықсыз «Халық жауы» деген жаламен екі рет сотталды

Жер аударылып адам төзгісіз азаптарға да шыдады бұл қазақ. Бір емес-ау, солардың арасында екі рет сотталғандар да болды. Бүгін сол саяси-қуғын сүргіннің құрбаны жазықсыздан жазықсыз жала жабылып абақтыға қамалған азаматтарымыздың ұрпақтары Ақмола облысында тұрып жатыр. Соның бірі Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылының тұрғыны ұстаз Мұрат Мұхамедиев өзінің әкесі Заеке Мұхамедиевті бастан кешкен ауыр күндерін айтып, еске алады.
«Кеңес заманы келмеске кетсе де, соның салған салдарын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Қазақ деген өр де ер халықтың мойнына «құлдық қамытын» аса салу «қызыл идеологияшылар» үшін қиынға соқты. Сондықтан да, олар халық арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды ұстауды, халық ішіне іріткі салып, бір-біріне айдап салуды, сол арқылы қорқытып-үркітіп, бағындыруды мақсат тұтты. Сол ойларын іске де асырды. Алаштың арыстай азаматтарын зиялысы бар, қара халық өкілі бар, «халық жауы» атап түрмеге тоғытып, азаптап, ұрып-соғып, жер аударып, айдауға жіберді. Сондай қорлық пен зорлық көрген жанның бірі менің әкем Заеке Мұхамедиев Қостанай облысы Семиозер ауданында 1913 жылы 22 сәуірде дүние есігін ашады. Алғаш еңбек жолын осы ауданда есепші болып бастап, соңынан бас есепші болып қызмет етеді. 1937-ші зобалаң жыл еді. Халық басына қара бұлт «қызыл жағалылар» тарапынан үйірілген кез. Заеке Мұхамедиевті 1937 жылдың 25 қыркүйегінде НКВД қызметкерлері «халық жауы» деген жаламен ұстап әкетеді.
Алғаш оны алты күн ағайын-туысқандарына кездестірмей, аш ұстап, ұрып-соғып кінәсін мойындатуды көздейді. Бірақ, Заеке мойындамайды. Оны Қостанай қаласындағы түрмеге жібереді. Осында жатқан үш айдан соң барып, не үшін ұсталғанын біледі. Кеңес Үкіметіне қарсы іс-қимылы, контреволюциялық іс-әрекеті үшін. Оған жапқан жаласы осы. Мойындамаса да осы жала бойынша 10 жыл бас бостандығынан айырылады", дейді баласы Мұрат.
Түрмеде талай-талай қиындық көрсе де мойымаған Заекені Алла қолдап, 1947 жылы 25 қыркүйекте босатылады. Тура 10 жыл кінәсіз түрмеде отырып келді. Тағдырдың тар соқпағы Заекені тағы бір ауыр соққыға душар етеді. Ол түрмеге кеткенде екі баласы шетінеп, әйелі елден хабар-ошарсыз кетіп қалады. Мұндай жағдай тек Заекеңнің басында ғана емес, көптеген отбасында болған еді. Бірақ Заекең тағдырдың сол ауыр соққысын бір емес, екі рет басынан өткерген екен.
«Әкем тағдырдың сынына қарсы тұрып, екінші рет үйленеді. 1948 жылы «Сұлукөл» кеңшарының Көктал бөлімшесіне есепші болып орналасады. Өмір өз арнасымен аға бастады. Басынан өткен қиыншылықтар ұмыт бола бастаған шақта тағы да кейбіреулердің сыртынан жапқан жаласынан екінші рет сотталып, Сібірге жер аударылады.
Адам баласының пешенесіне не жазылмайды? Тағдырға қарсы тұру - нағыз ердің әрекеті. Өзінің кінәсізден кінәсіз екінші рет сотталғанына ол шыдап тұра алмады. Түрмеде жүріп, өзімен бірге болған, бостандыққа шығайын деп жатқан орыс жігітінен Қазақ ССР Жоғарғы сотына хат жазады. Ақыры, не керек, 1955 жылы 29 сәуірде соттың шешімімен түрмеден босатылады.
Әрбір адамға туған жердің топырағын табанымен басудан асқан бақыт бар ма екен. Әкем туған еліне оралған соң «Тасты» кеңшарының бас есепшісі болып жұмысқа орналасады. 1966 жылы партия қатарына қабылданады. «Тасты» кеңшарынан кейін Родина селосындағы Торғай кеңшар-техникумына бас есепші болады. Адал еңбегі мен қоғамдық өмірге белсенділігі арқасында медальдармен, құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталып, тіптен партия ұйымының хатшысы қызметін де атқарады. Зейнеткерлікке дейін техникумда қызмет атқарып, 1977 жылы құрметті демалысқа шығады. Әкеміз тірі болғанда биыл тура 102 жасқа толады екен.
Заеке Мұхамедиев пен әйелі Закира екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді, барлығы да жоғары білімді. Қызы Рая Целиноград медицина институтын бітірген, қазір Астанада дәрігер. Болат Мәскеудегі Скрябин атындағы ветеринариялық академиясынан кейін Көкшетау қаласында мал дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Қарлығаш Қарағанды медицина институтын бітіріп, қазір Қостанай қаласында тұрады. Қайрат Алматының ауыл шаруашылық институының түлегі, Астана қаласында жеке фирмаға басшылық етеді. Сәулесі Алматы қаласында дәрігер.
Иә, зобалаң жылдарды басынан өткерген қаймана қазақ бүгінгі тәуелсіз елдің туының астында жаңа да жасампаз дәуірге аяқ басуда. Сол жылдардың қасіреті қайта басқа келмесін», - деп көзіне жас алып әкесін еске алады кейіпкеріміз.