ІІМ шетелдік әріптестерімен «Іздестіру» операциясын жүргізді: 300-ге жуық қылмыскер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – ТМД елдерінің ІІМ-терімен бірге іздеуде жүрген адамдарды ұстау, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Қырғыз Республикасының ІІМ-мен өзара іс-қимыл барысында Бішкек қаласында 39 жастағы қазақстандық азамат ұсталды. Ол 13 жыл бұрын Жамбыл облысында жасалған топтық зорлауға қатысқаны үшін іздеуде жүрген.
Ресей Федерациясы ІІМ Қылмыстық іздестіру бас басқармасымен ынтымақтастық нәтижесінде Сочиде 22 жастағы қазақстандық азамат ұсталды. Ол Жетісу облысының аумағында бірқатар интернет-алаяқтық жасағаннан кейін жасырынып келген.
Павлодар облысы ПД жедел-іздестіру тобы ресейлік әріптестерімен бірге Грозныйда 52 жастағы ер адамды ұстады. Ол 1996 жылы Павлодар облысының Бобровка ауылында жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған.
Жамбыл облысы Қордай ауданының аумағында Өзбекстанның 47 жастағы азаматы ұсталды. Ол өз жұбайын өлтіріп, жасырынып жүрген.
Елордада Германияның 58 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті Гамбургте аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін өз елінің Интерполы іздеп жүрген. Одан бөлек, адам өміріне қастандық жасағаны үшін Түркияның құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 33 жастағы шетелдік ұсталды.
Өзбекстан ІІМ-мен бірге жамбылдық полицейлер Байзақ ауданында көрші елдің 46 жастағы азаматын ұстады. Ол 2009 жылдың қаңтарынан бастап адам саудасы үшін іздеуде болған.
Алматы облысы ПД қызметкерлері өткізген іс-шаралардың нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданында кісі өлтіру қылмыстары үшін іздеуде жүрген аталған ауданның 33 жастағы және 27 жастағы тұрғындары ұсталды.
Хабар-ошарсыз кеткен 56 адамның, оның ішінде 10 кәмелетке толмаған баланың жүрген жері анықталды.
Мысалы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының ПД қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында 31 наурыз күні үйінен шығып кеткен 15 жасар қыз Ақтауда табылды.
Жедел іс-шараның екі күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 284 қылмыскер ұсталды:
кісі өлтіргені үшін — 7;
денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін — 9;
қарақшылық шабуылдар үшін — 6;
тонау үшін — 5;
есірткі қылмыстары үшін — 13.
Оның ішінде республикадан тыс жерлерде 32, басқа елдер үшін 164 қылмыскер ұсталды.
Айта кетелік террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 34 адам сотталды.