ІІМ талапкерлерге қатысты жалған хабарламалар тарап жатқанын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі ведомстволық оқу орындарына қабылдау туралы жалған SMS-хабарламалардан сақтандырды.
Ішкі істер министрлігі талапкерлердің ІІМ-нің ведомстволық білім беру ұйымдарына оқуға қабылданғаны туралы жалған SMS-хабарламалардың тарап жатқанын хабарлады.
— Аталған хабарламалар — жалған ақпарат және олардың Ішкі істер министрлігіне ешқандай қатысы жоқ. Қазіргі уақытта қабылдау науқаны әлі де жалғасып жатыр. Іріктеудің барлық кезеңі аяқталған жоқ. Қабылдау белгіленген мерзімге сәйкес, 15–25 шілде аралығында жүзеге асырылады. Қабылдау науқанының қорытынды нәтижелері конкурстық іріктеудің барлық кезеңі аяқталып, қабылдау комиссиялары тиісті шешім қабылдағаннан кейін ғана «Qyzmet police» ақпараттық жүйесіндегі талапкердің жеке кабинетінде жарияланады, — деді тәртіп сақшылары.
Ведомство мәлім еткендей, «Qyzmet police» ақпараттық жүйесі талапкерлердің оқуға қабылданғаны туралы SMS-хабарламалар жібермейді.
— Осыған байланысты азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге, олардағы сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін жария етпеуге және тек Ішкі істер министрлігінің ресми ақпаратына ғана сүйенуге шақырамыз, — деп ескертті министрлік.
Бұған дейін Құрылтай сайлауы алдында жалған аккаунттар мен фейк ақпарат көбейгенін жазғанбыз.