Мадагаскар президентіне жасалмақ болған кезекті қастандықтың жолы кесілді
АСТАНА. KAZINFORM – Мадагаскардың президенттік гвардиясы елдің уақытша басшысы Майкл Рандрианиринаға жасалмақ болған қастандық әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Anadolu.
Президент әкімшілігінің мәліметіне сүйенсек, 3 шілде күні кешке ел астанасы Антананариву қаласының Ивандри ауданында резиденциясына қайтып келе жатқан мемлекет басшысы кортежінің соңынан ерген екі ұшқышсыз ұшу аппараты анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, дрондар жарылғыш құрылғылармен жабдықталған болуы мүмкін.
Президент гвардиясы дрондарға оқ атқаннан кейін олар биіктеп, оқиға орнынан ұшып кеткен.
Майкл Рандрианирина резиденциясына аман-есен жетті. Оқиға болған ауданда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дрондардың шығу тегін анықтау үшін құқық қорғау органдары тергеу бастады.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, бұл соңғы бірнеше айда уақытша мемлекет басшысына жасалмақ болған үшінші қастандық әрекеті.
Биыл 15 сәуірде президент резиденциясының үстінен жылу бақылау құрылғыларымен жабдықталған бес дрон анықталып, залалсыздандырылған еді. Осыдан кейін билік президентке қастандық жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ биыл 3 сәуірде Антананариву қаласында полковник Патрик Ракотомамонжи мен бірнеше офицерді қоса алғанда 11 адам ұсталды. Оларға президентке қастандық жасауға дайындалу, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену, қылмыстық ұйым құру және қаруды заңсыз сақтау айыптары тағылған.
Еске салсақ, Майкл Рандрианирина Мадагаскарды 2025 жылғы қазандағы жаппай наразылықтар мен саяси дағдарыстан кейін әскери күштер билікті өз бақылауына алған соң басқаруға келген. Сол жылғы 17 қазанда ол Конституциялық сотта ант беріп, елдің уақытша президенті қызметіне кірісті.