Мәдени мұраны басқару саласында маман даярлайтын курстар ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы ЖОО-да мәдени мұраны басқару саласының мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламаларын жандандыру қажет.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.
— Мәдени мұраны басқару саласында мамандарды даярлайтын білім беру бағдарламалары мен курстар жоқтың қасы, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың атсалысу деңгейі өте төмен. Осы орайда, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында мәдени мұраны басқару саласы бойынша мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жандандыру қажет деп ойлаймыз,— деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Онымен қоса, ЮНЕСКО гранты аясында біліктілікті арттыру курстарынан бар болғаны Ұлттық комитеттің 10 ғана мүшесі өткен.
— Мәдени мұраны өскелең ұрпаққа жеткізушілерді жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жеткіліксіз, сондай-ақ, объектілердің туристік инфрақұрылымы көбінесе халықаралық талаптарға сай келмейді. Өңірлерде мұраны насихаттауға арналған үйірмелер мен секциялар жетіспейді, — деді А. Балаева.
Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, меморгандармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын. Жоспарда біліктілікті арттыру курстарын және елдің жоғары оқу орындарында пәнаралық білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы әкімдік қызметкерлерінің, білім, ғылым және мәдениет ұйымдары мамандарының кәсіби деңгейін арттыру қаралған.
— Ең маңызды міндеттердің бірі — жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және құжаттау бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, — деді министр.
Бұған дейін Мәдениет министрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында келісілмеген құрылыс тоқтамай тұрғанын айтқан еді.
Сонымен бірге, министр Джей Ло концертіне қуана-қуана баратынын, шетелдік жұлдыздар концерттерін ұйымдастыратын кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетінін айтты.