Мәдениет қайраткерлері Мәжіліске жаңа көзқарас пен жаңа бағдар әкеледі - А.Мұсақожаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің көрнекті мәдениет, бизнес және саясат қайраткерлері ҚР Парламенті Мәжілісінің заң шығарушылық қызметіне жаңа көзқарас пен жаңа бағдар әкелуге қабілетті. Бұл пікірді Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева білдірді.

Мәдениет қайраткерлері Мәжіліске жаңа көзқарас пен жаңа бағдар әкеледі - А.Мұсақожаева

«Партиялық тізімге өз өмірінде зор биіктерді бағындырған, мәселен әлем чемпионы Геннадий Головкин сынды түрлі кәсіп өкілдері кіріп отыр. Онда біздің мәдениет пен ғылымның көптеген өкілі бар. Олардың әрқайсысы өз қызметтерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар біздің қоғам үшін бағдар болып саналады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай биіктіктерді бағындырған адамдар қоғамды ұйыстырып, сайлауға қатыса алады және өздерінің ұстанымдарын белсенді білдіреді.

«Олар біздің қоғам үшін үлгі болып табылады. Меніңше, Мәжіліске жаңа адамдардың келуі партиямыз үшін де, қоғам үшін де жаңа бағдар, жаңа көзқарас болуы тиіс», - деді А.Мұсақожаева.

Айта кетейік, партиялық тізімге 127 адам кірген. Олардың қатарында белгілі боксшы Геннадий Головкин мен әлем және олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар бар. Мұнан бөлек, министрлер Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер де осы тізімде.