Мәдениет министрі Дулат Исабековке Елбасының Алғыс хатын тапсырды

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сенбі, 22 желтоқсан күні Алматыда  Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай жазушы, драматург,

Мәдениет министрі Дулат Исабековке Елбасының Алғыс хатын тапсырды

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековке ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын табыс етті. Онда: "Сіз дара қолтаңбаңызбен танылып, әдебиеттің алуан жанрында жемісті еңбек етіп келесіз. Қаламыңыздан шыққан шымыр хикаяттар, шынайы  роман және  сахналық туындылар  оқырмандар мен көрермендерді рухани байытты. Ұлт әдебиетінің игі дәстүрін жалғастырып, қазынасын байытқан шұрайлы шығармаларыңыз үшін Сізге алғысымды білдірем", - делінген.

Сондай-ақ Н.Назарбаев қаламгерді 70 жасқа толған белесті мерейтойымен  құттықтап, зор денсаулық, шалқар шабыт, отбасына бақыт-береке тіледі. Жұртшылықты алдағы уақытта да тың туындыларымен қуанта беруіне тілектестігін білдірді.

 1942 жылы 20 желтоқсанда Арыс ауданы, Ленин жолы ауылында дүниеге келген Д. Исабековтің  алғашқы әңгімесі 1963 жылы "Жолда", "Замандастар" атты жинақта жарияланған болатын.  Шығармалары орыс, мажар, неміс, поляк, чех және тағы басқа шет тілдерінде жарияланды. Жекелеген туындылары бойынша "Гауһар тас" (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), "Дермене" (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. "Мұрагерлер" пьесасы үшін 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Мұхтар Әуезов атындағы сыйлықты, ал 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын  иеленді.