Мәдениет министрлігі кинотеатрларға тексеру ұйымдастыра ала ма – Балаева жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Дамыған елдер деңгейінде киноның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 1 500-ден астам кинозал қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.

Мәдениет министрлігі кинотеатрларға тексеру ұйымдастыра ала ма – Балаева жауабы
Фото: Үкімет

– Министрліктің функцияларында жеке кәсіпкерлік субъектілері саналатын кинотеатрлардың қызметін бақылау жөніндегі өкілеттік жоқ. Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмаушылық қағидатына кепілдік беріледі және мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне заңсыз араласуына тыйым салынады. Осыған байланысты министрлік кинотеатрларға кешенді тексеруді ұйымдастыра алмайды, - деді вице-премьер.

Оның дерегінше, бүгінде елімізде 404 кинозалы бар 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істейді. Ал дамыған елдер деңгейінде киноның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажеттілік 2 000 залға бағаланады.

– Кинотеатрлардың басым көпшілігі ірі қалаларда орналасқан және өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда жоқ. Соңғы 5 жылда отандық фильмдерге деген жоғары сұранысқа қарамастан залдар саны өскен жоқ, - деді ол.

Вице-премьер мәліметінше, жылына еліміздің кинотеатрларында 400-ге жуық фильм көрсетіледі. Оның ішінде 2021 – 31, 2022 – 60, 2023 – 79, 2024 – 94, 2025 103 Қазақстан киносы бар.

– Францияда (68 миллион халқы бар) шамамен 7 000 кинотеатр жұмыс істейді. Орта есеппен 10 мың тұрғынға 1 залдан келеді. Олар құрылысты мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай деңгейге қол жеткізілген, - деді Аида Балаева.

Бұған дейін Қазақстанның Анталиядағы бас консулдығының бастамасымен, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазақ киносының күндері Анталияда өткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум