Жаңару күніне орай елде қандай мәдени шаралар өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні – Жаңару күні. Осыған орай республикалық мәдениет ұйымдары бірқатар іс-шаралар ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мәдени-танымдық іс-шара өтеді.
Мәдениеттерді жақындастыру орталығында тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мақсатында «Жаңаруды – тазалықтан бастайық» атты сенбілік жоспарланып отыр.
Ұлттық музейде «Наурыз — жаңару мен бірліктің мерекесі» атты мәдени бағдарлама ұсынылады.
Ал Республикалық академиялық неміс драма театры саябақта көктемгі жаңару мен жастар тақырыбына арналған бағдарлама ұйымдастырмақ.
Мерекелік іс-шаралар ел өңірлерінде де жалғасады. Әр аймақта экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағаш отырғызу, мәдени-ағартушылық бағдарламалар өткізіледі.
Қарағанды облысында экологиялық бастамалар мен жастар акциялары өтсе, Ақмола облысында аумақтар абаттандырылады. Ақтөбе облысында тақырыптық бағдарламалар мен қоғамдық іс-шаралар жоспарланған, ал Маңғыстау облысында жастар мен волонтерлердің қатысуымен түрлі жобалар жүзеге асады.
Осыған дейін Астанада Ұлттық киім күніне орай фестиваль өткені туралы жаздық.