Мәдина Әбілқасымова: Активтердің жаңа класы – цифрлық қаржы активтері енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ел аумағында цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат берілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында банк қызметі туралы заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Мадина Абылкасымова
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеуді енгізу және олардың Қазақстан аумағындағы айналымына рұқсат беру, - деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, цифрлық қаржы активтерінің мынадай үш түрін енгізу көзделген:

- Біріншісі – базалық активі ақша болып саналатын цифрлық қаржы активтері, яғни стейблкоиндер. Стейблкоиндерді шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды Ұлттық банк айқындайды.

- Екіншісі – базалық активі қаржы құралдары, қаржы активі, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге де мүлік болып саналатын цифрлық қаржы активтері.

- Үшіншісі – цифрлық платформада электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.

- Агенттікке стейблкоиндардан басқа цифрлық қаржы активтерін шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу өкілеттіктері беріледі. Цифрлық қаржы активтерін цифрлық платформалар операторлары шығарады. Бұл операторлар – қаржы нарығының жаңа субъектілері, олардың қызметіне лицензияны Ұлттық банк береді. Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар, оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қойылады, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Өткен жылғы Жолдауда Президент цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екенін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар