Мадияр Молдалиев - соғыста ерліктің, еңбекте табандылықтың үлгісін көрсеткен қарт
Осы сұмдықтың бәрін көзбен көріп, жан-тәнімен сезінген ардагер ағаларымыздың саны күннен күнге азайып барады. Ал олардың ерлік істерін мәңгі есте ұстау мақсатында қалың көпшілікке насихаттап, жастарға үлгі ету бүгінгі ұрпақтың мойнына жүктелген міндет болса керек. Сондықтан да болар соңғы уақытта Ұлы Отан соғысының ардагерлері жөнінде көп жазылып та айтылып та жүр. Осыны негізге ала отырып, біз де бүгін «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдары арқылы Ұлы Отан соғысының ардагері, прокуратура саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, осы саланың дамуына елеулі үлес қосқан азамат Мадияр Молдалиев жөнінде әңгімелей кеткенді жөн көріп отырмыз.
Мадияр Молдалиев 1940 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Георгиевка деген шағын ауылда туылған. Осы ауылдағы мектеп-интернатты оқып бітірген соң іскер, әрі белсенді жас жігіт, 18-ге толған соң-ақ партия қатарына кандидат болған. Бойында ерік-жігері тасыған жас жігіттің мемлекет өміріне енді ғана араласып, үлкен істерді атқаруға бел буған тұсында 1941 жылы 20 жасында әскер қатарына алынады. Ол Мәскеу түбіндегі 497-ші гаубица атқыштар полкына жіберіліп, онда 1 ай ғана арнайы әскери оқу-жаттығуларынан өтеді. Осы уақытта сұрапыл соғыс та басталады. Ал әскер ойынына әлі толық машықтанып, үлгермеген жас Брянск бағытындағы қан майданнның қызған ортасынан бір-ақ шығады. Ылғи да өзі сияқты өрімдей жастардан құрылған әскерге немістің алдын ала дайындықтан өтіп, мұздай қаруланған әскері оңайлықпен беріле қойсын ба. Техниканың озық үлгісінде жасалған немістердің қаруы М.Молдалиевтің полкін әп дегеннен-ақ тас-талқанын шығара жаздаған. Ал М.Молдияровтың полкіндегі зеңбіректер істен шыға бастады. Сөйтіп не керек, өлім мен өмір жарыса жүріп, жауға қарсы тұрған полктен әупірімдеп жүріп, небәрі 20 шақты жауынгер ғана тірі қалады. Бұдан соң жауға қарсы тұратын қару-жарақтары да қалмаған сарбаздарды айрықша жаяу әскер бригадасына қосқан. Енді олар Дондағы Ростов қаласын немістерден азат ету үшін жүріп жатқан жан алып, жан беріскен қырғын соғысқа қатысады.
Мұнда да басынан бақайшығына дейін қаруланған неміс әскері дес бермеген. Соған қарамастан Мадияр Молдалиев құрамында болған, кілең рухы мықты жігіттерден іріктелген, Кеңес әскерлерін басқыншылар ақыры ала алмады. Ал Кеңес әскері керісінше, Отанға деген сүйспеншілік пен елге деген махаббаттарының арқасында соңғы күшті бойға жиып, жау әскерін қаладан қуып шығады. Бұл осы әскердің соғысқа араласқалы бергі алғашқы жеңісі болатын. Ол тек осы полк сарбаздарына ғана емес бүкіл Кеңес әскерлерінің бойларына жігер беріп, оларды қайраттандыра түскен. Жеңістің буы енді бой берместей көрінген фашист әскерлерін тырқырата қуып, жауға қарсы ұмтылысты екпіндете түскен. Жауға қарсы тап берген әскерлердің алдында Мадияр Молдияров та бар еді. Ол кескілескен ұрыс барысында оқыстан келіп жарылған снарядтан жарқыншағынан жарақаттанып, госпитальге түседі. Алдымен Кисловодскідегі, сосын Еревандағы госпитальдан соң жарақатының ауырлығына байланысты Мадияр елге қайтқан.
Оның бейбіт өмірдегі ең белсенді тірлігі осы уақытта басталса керек. Алдымен ауданда есепші, одан бухгалтер болып жұмыс істейді. Бойына жастайынан біткен қайсарлық пен бітірген істі аяғына жіткізбей тынбайтын табандылық қасиеттері оны еңбек жолында елеулі биіктерге жетелей береді. Ақыр соңында кадрлар жөніндегі инспектор сияқты беделді қызметтерге де араласа бастайды. Соғыс жылдарындағы жағдай қандай қызмет жасайсың, немен айналысқың келеді дегендей таңдау алуға мұрсат берсін бе. Әйтеуір ыңғайы келген шаруаның бәрін тап-тұйнақтай ету керек. Ал таңдауды ел тынышталып, бейбіт заман орнағанда жасайсың. Сөйтіп, Мәкеңнің о баста армандаған заңгер мамандығы уақытша арман болып қала берген. Алайда оған 1943 жылы тағдырдың жазуымен Алматыға келіп, қаладағы заң институтына түсуге мүмкіндік туады. Содан бастап оның заң саласындағы қызметке белсенді араласуы басталады. 1946 жылы оқу орнын талапқа сай аяқтаған ол құқық қорғау саласындағы қызметін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгір ауданындағы прокурордың көмекшісі қызметінен бастайды.
Бойында білімге деген құштарлығы мен жоғары оқу орнында ойға түйгендерін жұмыс барысында да шебер қолдана білген ол қызмет бабында тек өсе береді. 1949 жылы сол кездегі Талдықорған облысы Андреев ауданының прокуроры болса, 1953 жылы Кеңес Одағы прокуратурасының бір жылдық мамандығын жетілдіру курсына шақырылып, Мәскеуде білім деңгейін көтеріп қайтады да Қазақ ССР-ның прокуратурасына аса маңызды істер тергейтін тергеуші ретінде қызметке тағайындалады. Бір жылдай уақыт тергеушілік қызметтің қыр-сырын меңгерген жас Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметін де атқарады. Осы қызметті ол табаны күректей сегіз жыл жүреді. Мемлекет пен заңға шын жүрегімен беріле еңбек еткен ол құқық қорғау саласында адалдықтың, кәсіби іскерліктің тамаша үлгісін көрсетеді. Оның заң саласындағы қызметіндегі кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасына тағайындалады. Ерен еңбегі мен заң әділдігін орнатуды үнемі бағдар етіп ұстанған үшін қазақстандық прокуратура қызметкерлері арасынан бірнеше рет халық қалаулысы болып депутаттыққа сайланады.
Прокуратура ардагері Мадияр Молдалиевтің жасы бүгінгі таңда тоқсанға толып отыр. Ол тоқсанға келсе де ширақ. Әлі де қыруар іс атқаруға бар. Әлі де көп оқып, көп ізденеді. Осы уақытта төрт ұл өсіріп, тәрбиелеп, олардан немере-шөбере көріп отырған абыройлы ақсақал.