Мадридте Абайдың 180 жылдығы мен Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті

АСТАНА. KAZINFORM – 11 шілдеде Испанияның Мадрид қаласында қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы мен Астана күні тойланды. 

Мадридте Абайдың 180 жылдығы мен Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті
Фото: Отандастар қоры

Іс-шараны «Отандастар қоры» КеАҚ, Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігі және Түркістан облысының қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды. Мерекелік концертте Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясының өнерпаздары, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, «Фараб» би ансамблі және «Арқайым» нео-этно-фолк тобы өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар шара аясында «VK Kerbez» қазақстандық этнодизайнерлерінің ұлттық нақыштағы сән көрмесі ұйымдастырылды. 

Концертті «Фараб» би ансамблі «Кербез сылқым» биімен ашып, кеш шымылдығын әсем ұлттық өрнекпен түрді. «Тұмар» ансамблі орындаған «Адай» және «Балбырауын» күйлері көрермендерге терең рух беріп, қазақ даласының үнін жеткізді. Ал филармония әншісі Данияр Барыстың шебер орындауындағы «Дударай» әні кеш қонақтарының жүрегін тебірентті.

Мадридте Абайдың 180 жылдығы мен Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті
Фото: Отандастар қоры

Сән көрмесінде «VK Kerbez» дизайнерлері 10-нан астам заманауи ұлттық киім үлгілерін ұсынды. Қазақтың шеберлік пен нәзіктік үйлескен киім үлгілері шетелдік көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Концерт соңында «Арқайым» тобы ұлттық музыкалық аспаптармен таныстырып, бірнеше музыкалық композиция орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шараға 300-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Еуропада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері, «DearsDimash» фан-клубының мүшелері, дипломатиялық корпус өкілдері және Мадрид қаласының жергілікті билік мүшелері болды. Испанияның Барселона, Валенсия, Гранада қалаларынан, сондай-ақ Мажарстанның Будапешт қаласынан арнайы келген отандастар ұлттық өнерімізге деген зор құрметтерін білдірді. 

Мадридте Абайдың 180 жылдығы мен Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті
Фото: Kazinform

Валенсия қаласынан келген Клара мұндай концертті Қазақстанда жүріп те көрмегенін, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

– Концерт тамаша өтті. Бәрі ұнады. Елге деген сағынышымызды басқандай болдық, - деп жүрекжарды лебізін білдірді. 

Ал Мадридтегі отандасымыз Жанат Нұрбаева мерекелік кештен бір жылға жететін қуат алғанын жеткізді. Ол бұдан былай шетелде мәдениетіміз бен тілімізді насихаттауды алаңсыз жалғастыра беретінін айтты. 

Бұл мерекелік кеш шетелдегі қазақтарға туған елдің рухани тынысын сезіндіріп, ұлттық бірегейлікті сақтау мен мәдени байланысты нығайту бағытындағы маңызды қадам болды. 

Бұған дейін шетелдегі қазақ балалары Бурабайда демалатынын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар